Қытай қазақстандық вагондарды қабылдау бойынша шұғыл шара қарастырды

889

Қазақстан мен Қытай COVID-19 пандемиясы кезінде қос елдің шекарасында жүк пойыздарын өткізу бойынша келіссөздер жүргізді. Бұл туралы "ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС-нің баспасөз қызметі хабарлайды.

Қытай қазақстандық вагондарды қабылдау бойынша шұғыл шара қарастырды

Баспасөз қызметінің мәліметінше, 2021 жылдың 27 қаңтары мен 1 ақпанында коронавирус пандемиясы кезінде Қазақстан-Қытай шекарасындағы өткізу пунктерінің жұмыс істеу мәселелері бойынша қос ел өкілдерінің қатысуымен бірқатар келіссөз жүргізілген. Шара бейнеконференция форматында өтті. Келіссөзге "ҚТЖ" ҰК" АҚ Басқарма төрағасының жүк қозғалысы бойынша орынбасары Дәурен Бимов, "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ және ҚТЖ бас директорының орынбасары Лу Чжоу, "Үрімші темір жолдары" ЖШҚ делегациялары қатысты.

Қазақстандық делегацияны ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кіріс комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев, қытайлық делегацияны - Қытай Халық Республикасы Синьцзян-Ұйғыр автономиялы ауданы Халық үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Чжан Чуньлинь басқарған.

"Күн тәртібінде – Алашаңқай станциясында ҚР келген жүк пойыздарын қабылдауды тәулігіне 18-20 пойызға дейін, ал Қорғас станциясында тәулігіне 8-10 пойызға жеткізу мәселесі қаралды", – деп жазылған хабарламада.

Өткен жылы ҚХР тарапынан енгізілген қатаң эпидемиологиялық шараларға байланысты Достық - Алашаңқай және Алтынкөл – Қорғас шекаралық өткелдерінде 16 мың қазақстандық вагон, 6 мың қытайлық вагон тұрып қалған.

Келіссөздер барысында қытайлық тарап қазақстандық жүк пойыздарын қабылдауды арттыру бойынша шаралар қабылданған: Алашаңқай станциясында тәулігіне 18 пойыз, ал 1 наурыздан тәулігіне 20 пойыздан, Қорғас станциясында тәулігіне 8 пойыз, 1 наурыздан тәулігіне 10 пойыз.

Қос тарап жоспарланған жүк көлемін қабылдау мен өңдеу үшін Достық - Алашаңқай және Алтынкөл - Қорғас станциялары бойынша қайта тиеу терминалдарының қуаты толық дайын екенін атап өтті.

Бұл ретте қытайлық тарап Қазақстанда тұрып қалған азық-түлік жүгі бар жабық вагондарға қатысты жедел шара қабылдайтынын жеткізді.

"1 ақпанда ҚХР Алашаңқай мен Қорғас станциялары аумағында тұрған жабық вагондарды түсіруді бастады. Мәселе 430 жабық вагонға қатысты. Кейін Қазақстанда тұрған 2 200 жабық вагондарды қабылдау жоспарланып отыр", – деп жазылған хабарламада.

Осы орайда Қытай қазақтандық вагондарды неге ұзақ қабылдап жатқанын түсіндірді: "Ұзақ қабылдаудың бір себебі – Қытай аумағында вагондарда зарарсыздандыру жұмыстарының жүргізілуімен байланысты. Осы себепті қазақстандық тарап Қытай мемлекеттік сәйкестікті бағалау жөніндегі комитетімен (CNAS) акредиттелген және сертификаты халықаралық деңгейде танылған China Certification & Inspection Group (CCIC) компаниясын тарта отырып, сыртқы зарарсыздандыру рәсімдерін жүзеге асыруға дайын екенін мәлімдеді".

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу