Атырау облысында этан мен пропанды тасымалдауға арналған магистральдық құбырлар құрылысына жарияланған тендерді Қытай компаниялары жеңіп алды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бұл құбырлар Теңіз кен орнын болашақ полиэтилен зауытымен және қолданыстағы полипропилен зауытымен байланыстыратын инфрақұрылымның негізгі бөлігі болмақ. Тендер EPC+F форматы бойынша өтті.
Ең тиімді баға мен мерзім ұсынған консорциум жеңімпаз деп танылды. Оның құрамына China Petroleum Pipeline Engineering Co., Ltd., CITIC Construction Co., Ltd. және "ЧППИ Қазақстан" ЖШС енді.
Жобаның операторы – толығымен "ҚазМұнайГазға" тиесілі "KMG PetroChem" ЖШС.
Компания мәліметінше, жобаны қаржыландыру Қытайдың Даму банкі арқылы жүргізіледі. Қажетті келісімдерге жақын уақытта қол қойылады.
Құрылыс барысында бір дәліз бойымен екі магистральдық құбыр салынады: 212 шақырымдық этан құбыры (жылына 1,6 млн тонна) және 219 шақырымдық пропан құбыры (жылына 1 млн тонна).