Бұл бағыттағы нәтижелер туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Оның айтуынша, қазіргі таңда Түркияның Alsera компаниясы Шымкент қаласында жылыжай кешенін салу жобасына қол қойған. Жобаның жалпы құны – 650 млн АҚШ доллары, кешен жылына 155 мың тонна қызанақ өндіреді.
Сонымен қатар, Араб елдерінің QazaqArab Sugar компаниясымен Алматы облысында қант зауытын салу бойынша келісім жасалған. Зауыт жылына 5 млн тонна қант қызылшасын өңдеп, 500 мың тонна ақ қант өндіруді жоспарлап отыр. Жобаның құны – 580 млн АҚШ доллары.
Бұдан бөлек, биыл тағы 8 жоба бойынша инвестициялық келісімдерге қол қою мүмкіндігі қарастырылып жатыр:
- Қытайдың Fufeng Group және Shengtai Biotech компаниялары Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдейтін өнеркәсіптік парк салуды көздейді. Қуаты – 1 млн тонна, құны – 350 млн АҚШ доллары.
- АҚШ-тың PepsiCo компаниясы Алматы облысында тұзды тіскебасарлар өндіретін зауыт салмақ. Қуаттылығы - 210 мың тонна, дайын өнім – 70 мың тонна, жобаның құны – 376 млн АҚШ доллары.
- Мажарстанның UBM Group компаниясы Қарағанды облысында жем, Алматы облысында құрама жем, Алматы қаласында премикс зауыттарын салмақ. Жалпы қуаты – 48 мың тонна премикс, 300 мың тонна құрама жем, құны – 62 млн АҚШ доллары.
- Қытайдың Dalian Hesheng Holdings Group компаниясы Ақмола облысында дәнді дақылдарды терең өңдейтін зауыт салуды жоспарлауда. Қуаттылығы – 400 мың тонна, құны – 650 млн АҚШ доллары.
- Түркияның Tiryaki Holding компаниясы Астанада дәнді және бұршақты дақылдарды терең өңдеуге арналған агроөнеркәсіп кешенін салуды көздейді. Қуаты – 240 мың тонна, бұршақ – 80 мың тонна, құны – 320 млн АҚШ доллары.
- Даниялық Carlsberg Group Алматы облысында алкогольсіз сусындар өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр. Қуаттылығы – 370 млн литр, жобаның құны – 300 млн АҚШ доллары.
- Польша компаниясы Fabe Agro Шымкентте заманауи жылыжай кешенін салмақ. Жылдық қуаты – 36 мың тонна қызанақ пен қияр, құны -– 120 млн АҚШ доллары.
- Иорданиялық AL JAZEERA AGRICULTURE COMPANY және қазақстандық Айтас КЗ ЖШС бірлесіп Алматы облысында құс етін өндіретін зауыт салу жобасын жүзеге асырмақ. Қуаттылығы – 35 млн жұмыртқа, 1000 тонна бройлер еті, құны – 15 млн АҚШ доллары.
– Агроөнеркәсіптік кешенге инвестиция тарту жұмысы бұдан әрі де мемлекет және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жалғастырылады, – деді Ермек Кенжеханұлы.