Қытай тұзды көлдерден литий өндіру бағытында ауқымды технологиялық серпіліс жасап, жылына 20 мың тонна өнім беретін өндірістік желіні іске қосты.
Жоба Қытайдың солтүстік-батысындағы Цинхай провинциясында Qinghai CITIC Guoan Technology Development Co. Ltd. компаниясының базасында жүзеге асырылған. Қазіргі таңда өндірістік нысан толық жобалық қуатына шыққан.
Компания қолданған технология бірнеше ұлттық патентпен қорғалған. Соның нәтижесінде тұзды буландыру кезеңіндегі литийді алу деңгейі салалық орташа 50 пайыздан 78 пайыздан астам көрсеткішке дейін артқан. Ал бүкіл өндірістік цикл бойынша өнімді шығару коэффициенті 75,38 пайыздан 90,41 пайызға жеткен.
Жаңа әдіс аккумуляторлық стандартқа сай литий карбонатын өндіру мерзімін айтарлықтай қысқартып, дәстүрлі буландыру тәсілдерімен салыстырғанда металл шығынын едәуір азайтады. Сонымен қатар технология калий мен бор сияқты қатар жүретін пайдалы компоненттерді кешенді пайдалануға мүмкіндік береді.
Сарапшылардың пікірінше, бұл жетістік Қытай үшін стратегиялық маңызға ие. Себебі литий қазіргі таңда электромобильдер, смартфондар, ноутбуктер және энергия сақтау жүйелеріне арналған литий-ионды аккумуляторлар өндірісіндегі негізгі металл саналады.
Ресми деректерге сәйкес, Қытайдың барланған литий қоры әлемдік көлемнің шамамен 16,5 пайызын құрайды. Осы көрсеткішпен ел жаһандық рейтингте екінші орынға орналасқан.