Қытай жүк тасымалын жандандыруға ниетті

803

"Майқапшағай-Зимунай" өткізу бекеттері қайта ашылады.   

Қытай жүк тасымалын жандандыруға ниетті

Қытай тарапы Қазақстанға бағытталған теміржол құрамдарының санын арттыруға, шекарада тұрып қалған жүктерді қабылдауға ниет білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.

11 қарашада Қазақстан мен Қытайың мемлекеттік органдары арасында COVID-19 пандемиясына байланысты шекарадағы өткізу бекеттерінің жұмыс істеуі туралы келіссөз жүргізілді. Қазақстандық делегацияны қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиев, қытайлық тарапты ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы халық үкіметі төрағасының орынбасары Лю Сушэ басқарды.

Келіссөздер барысында қос тарап көлік-коммуникация бағыты және аймақаралық байланысты нығайтуға, сауда-экономикалық ынтымақтастықтың сапасын арттыруға бағытталған уағдаластықты ұстанатынын растады.

Сондай-ақ Қазақстан мен Қытай тарапы мемлекеттік шекарадағы автомобиль және теміржол өткізу бекеттерінде өткізу қабілетін арттыру, автокөлік құралдары мен жүктерге қатысты эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізу бойынша бірлескен шаралар қабылдау туралы уағдаласты.

"Қытай тарапы "Қалжат-Дулаты" өткізу бекетінің жұмысын қалпына келтіру үшін қосымша құрылыс жұмыстарын жүргізу керегін атап өтті. ҚХР ШҰАА Халық үкіметі санитарлық-эпидемиологиялық бақылаудың қатаң шаралары сақталған жағдайда Қазақстан-Қытай шекарасындағы "Майқапшағай-Зимунай" автомобиль өткізу бекетінің қызметін қалпына келтіруге дайын екенін атап өтті", – деп жазылған хабарламада.

Сонымен қатар Қытай жақын арада Қазақстан бағытындағы теміржол құрамдарының санын арттыруға, шекарада тұрып қалған жүктерді қабылдау ниетін растады.

Айта кетейік, осыған дейін Қытайдан тауар жеткізе алмай отырған кәсіпкерлер Үкіметтен көмек сұрап, мәселені тезірек шешіп беруді талап еткен еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу