Қытайда жер сілкінісінен 16 адам қаза тауып, 65 адам түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілген, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Xinhua агенттігінің хабарлауынша, 11 науқастың жағдайы ауыр деп бағаланып отыр.
Алдын ала мәліметке сәйкес 300-ден астам тұрғын үй қирады. Зілзала Тибет автономия ауданындағы Нагчу қаласына қарасты Бацин уезінде шамамен 10 шақырым тереңдікте тіркелген. Аталған қалада жарты миллионға жуық адам тұрады. Бұл – Қытайда жыл басынан бергі ең қуатты жер сілкінісі.
Елдің Сейсмологиялық басқармасы төтенше жағдай режимін енгізді. Табиғи апат аймағына 347 құтқарушы, 300-ден астам полиция, 82 өрт сөндіру техникасы және 15 іздестіру-құтқару иті жіберілген. Құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.
Си Цзиньпин зардап шеккен халықты қауіпсіз жерге орналастыру, зақымданған инфрақұрылымды барынша тез қалпына келтіру, сондай-ақ адамдардың өмірі мен мүлкінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында шаралар қабылдау қажеттігін айтты.