Киім, грим, түсіру тобы сіз үшін бәрі қызметке әзір. Сапардың аяғында туристерге өздері түскен картина табысталады, деп жазады inbusiness.kz сайты "24KZ" телеарнасына сілтеме жасап.
Жобаны ұйымдастырушылардың айтуынша, ерекше бастаманың жұртқа ұнағаны соншалық, туристер де, фильмге түскісі келетіндер де күрт көбейген. Жібек көйлек пен нефрит әшекейлері және бірнеше дубль. Мұнда келген әр турист тарихи хикаяның басты кейіпкері бола алады.
Түсірілім алаңында Бейжіңдегі Көне сарайдың көшірмесі де бoй көтерген. Оны "Тыйым салынған қала" деп те атайды. Бұрын мыңдаған Қытай картинасы мен телехикаясы түсірілген бұл студия енді саяхатшыларды көп тартатын ерекше туристік орталыққа айналған.
– Бала кезімде режиссер болуды армандайтынмын. Түрлі қойылымдардың сценариін ойдан шығарып, ұйымдастырып жүретінмін. Бүгін сол бала күнгі арманым шындыққа айналғандай болды. Өзімнің де фильмге түсуіме мүмкіндік туды, – дейді турист Клэр Хуанг.
Түсірілім алаңының қонақтары 20-дан аса сценарийдің ішінен біреуін таңдай алады. Бірі сарай ішіндегі құпия оқиғаларға толы болса, енді бірінде махаббат дастаны баяндалады.
Түсірілім жарты сағатқа созылады. Бағасы – 218 юань. Бұл біздің ақшаға шаққанда шамамен 15 мың теңге. Ал бір жарым минуттық дайын картина 3 күнде дайын болады.
Биыл тамызда тұсауы кесілген туристік орталыққа 2000-нан аса адам келген. Әсіресе демалыс пен мереке күндері кісі қарасы қалың. Бұрын мұндай мүмкіндік тек үлкен топтарға берілетін. Қазір жалғыз өзі немесе жұбымен болсын, кез келген турист фильмге түсе алады.