Қытайдан Алматыға келетін барлық рейстер бүгіннен бастап тоқтатылады

885

Алматы халықаралық әуежайы республикадағы ең ірі әуежайлардың бірі. Күніне мұнда 50 рейс орындалады.

Қытайдан Алматыға келетін барлық рейстер бүгіннен бастап тоқтатылады

Алматыда бүгіннен бастап Қытайдан келетін барлық рейстер тоқтатылады. ҚХР-дан келетін рейстердің оқшаулық қағидаты сақталады. Бұл туралы Алматыда өткен брифинг барысында қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қытайдан келетін әуе кемелерінің бәрі жеке тұраққа орналастырылып, жолаушылар мен экипаж мүшелері әуежайдың терминалымен байланысы жоқ арнайы аумақтан өтеді.

"1 ақпаннан бастап барлық халықаралық рейс бойынша санитарлық-карантиндік бақылау күшейтіледі. Әлемнің 26 елінде коронавирус жұқтырудың 160 жағдайы тіркелді. Бүгінгі таңда барлық рейс қадағалануда", – деді Айзат Молдағасымова.

Санитарлық-карантиндік бақылауды күшейтуге 80 эпидемиолог пен 8 бригада жұмылдырылған. Тәулік бойы 30 эпидемиолог барлық рейс бойынша жұмыс жүргізеді.

"Алматы халықаралық әуежайы республикадағы ең ірі әуежайлардың бірі. Күніне мұнда 50 рейс орындалады. Бір уақытта 5 рейстің орындалатын кезі де болады. Дәл осы рейстерде коронавируске күдікті адамдарға қатысты санитарлық бақылау күшейтілген", – деді ол.

Мегаполисте коронавирус жұқтыру фактісі тіркелген жоқ. Вирустық аурулардың алдын-алу үшін Айзат Молдағасымованың айтуынша, жеке гигиенаның қарапайым ережелерін сақтау керек: қолды жуып, халық көп жиналатын орындарға көп бармау, медициналық маска кию, белгілері анықталған жағдайда дәрігермен кеңесу және иммунитетті көтеру. Қажетті ақпаратты алу үшін 1406 Call-орталығына тәулік бойы хабарласуға болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу