Қытайдан Қазақстанға экостандартқа сай келмейтін 20 техника заңсыз жеткізілген

19

Олардың жалпы кедендік құны 284 млн теңгеден асқан. 

Қытайдан Қазақстанға экостандартқа сай келмейтін 20 техника заңсыз жеткізілген Фото: faw74.ru

ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен экологиялық талаптарға сәйкес келмейтін көлік құралдарын заңсыз әкелу фактісі бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Тергеу амалдарына сай, бір топ адам бақылауындағы ЖШС-тер арқылы "Евро-2" экологиялық класына жататын FAW маркалы жүк көліктерін Қазақстан аумағына заңсыз импорттауды ұйымдастырған.

Импорт қолданыстағы "Евро-4"-тен төмен стандарттағы техниканы әкелуге тыйым салынғанына қарамастан жүзеге асырылған.

Техника Қытай Халық Республикасынан сыртқы экономикалық келісімшарттар негізінде жеткізіліп, кейін кедендік рәсімдеу кезінде жалған мәліметтер пайдаланылған.

Атап айтқанда, көлік құралдарының қауіпсіздік сертификаттары (СБКТС) қолдан жасалып, онда әдейі "Евро-5" экологиялық класс көрсетілген.

Нәтижесінде Қазақстан аумағына 20 бірлік арнайы техника заңсыз әкелінген.

Кейін бұл техника байланысы бар компаниялар тізбегі арқылы сатылып, мемлекеттік сатып алу аясында 600 млн теңгеден астам сомаға жеткізілген.

Сот санкциясымен күдіктілердің мүлкіне: 9 автокөлік пен бір пәтерге тыйым салынды.

Күдіктілердің бірі қамауға алынды, ал оның екі сыбайласына қатысты елден шықпау туралы бұлтартпау шарасы қолданылды.

Өзге мәліметтер ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.

Айта кету қажет, экологиялық стандарттарға сай келмейтін көліктерді заңсыз әкелу қоршаған ортаға елеулі зиян келтіреді. "Евро-2" класына жататын техника "Евро-4" және "Евро-5" стандарттарына қарағанда әлдеқайда көп зиянды заттар бөліп, ауа сапасының нашарлауына және халық денсаулығына қауіп төндіреді.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу