Бұдан былай Қытайға 74 елдің азаматы 30 күнге визасыз кіруге рұқсат алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.
ҚХР Ұлттық көші-қон қызметінің хабарлауынша, әуелде визасыз режим 2023 жылдың желтоқсанында Франция, Германия, Италия, Нидерланд, Испания және Малайзия тұрғындары үшін енгізілген еді.
Кейін бұл тізім толығып, оған Еуропаның барлық елі, сондай-ақ Азия, Таяу Шығыс және Латын Америкасының кейбір мемлекеті қосылған. 16 шілде күні тізімге Әзербайжан да енді.
Қытай билігі былтыр елге визасыз режим арқылы келген шетелдіктердің саны 20 миллионнан асқанын мақтанышпен айтады. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда шамамен екі есе көп болып тұр.
Сонымен қатар, АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Швеция, Ресей сияқты өзге де бірқатар елдің азаматтары Қытай арқылы өзге мемлекетке бара жатқанда ғана 10 күнге дейінгі визасыз режимді қолдана алу мүмкіндігіне ие.
Қытай туризм академиясының сарапшысы Лю Сяньянь "визасыз саясат тек экономиканың дамуына ғана емес, мемлекеттің шетелдегі беделін көтеруге де ықпал етеді" деп есептейді.