Бокстан Астана қаласында өтіп жатқан "Елорда кубогы" бәсекесінде Қытай атынан өнер көрсететін қандасымыз Тоқтарбек Таңатхан жартылай финалға шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Нақтырақ айтсақ, ширек финалда Тоқтарбек үндістандық Санжай Санжаймен жұдырықтасып, айқын басымдылықпен қарсыласын жарыс жолынан шығарды. Осылайша, Тоқтарбек турнирдің жартылай финалына шықты.
Естеріңізге сала кетейік, Таңатхан 2023 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанса, Ханчжоудағы Азия ойындарында чемпиондық атаққа қол жеткізіп қана қоймай, Париж олимпиадасының жолдамасын қоса жеңіп алған болатын. Сонымен қатар, осы жылы кіші әлем біріншілігі саналатын "Странджа кубогында" тағы да жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінген еді.
Айта кетейік, Тоқтарбек Таңатхан қытайдағы қазақтар көп қоныстанған Алтай аймағының тумасы.Ол 1996 жылы 18 қарашада қарапайым отбасында дүниеге келген. Қытайдың Ұлттық құрамасына 2017 жылы қабылданған. Токио Олимпиадасының қатысушысы. Токио Олимпиадасына дейін қандасымыз "Қытайдың бокс королі" атағын 2017, 2019, 2020 және 2021 жылдары төрт рет жеңіп алды. Бұл – Қытайдың өзі ішінде ғана өтетін ең беделді жарыстардың бірі.