"Қытаймен жүк өткізу көлемін 20 миллион тоннаға арттырады": Келесі жылы "Бақты – Аягөз" теміржолы іске қосылады

Президент "логистика инфрақұрылымын дамытуға баса мән беру қажет" деп есептейді.

"Қытаймен жүк өткізу көлемін 20 миллион тоннаға арттырады": Келесі жылы "Бақты – Аягөз" теміржолы іске қосылады Фото: primeminister.kz

Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

– Қазіргі уақытта логистика мәселесімен барлық ел айналысуда. Дамыған көлік логистикасы болмаса, тіпті, бүгінгі күшті ел ертең құрдымға кетеді.

Келесі жылы елімізде "Бақты – Аягөз" теміржол желісі іске қосылады. Жаңа бағыттың арқасында Қытаймен арадағы жүк өткізу мүмкіндігі 20 миллион тоннаға артады.

Тамыз айында "Арал – Каспий" күре жолының құрылысы басталды. Бұл жоба Транскаспий дәлізінің қашықтығын шамамен 1 мың шақырымға қысқартып, жүк жеткізу мерзімін үш күнге дейін азайтады.

Үкімет осы салада қолға алынған барлық жобаның сапалы әрі уақтылы орындалуын қатаң бақылауға алады.

Әлемдік логистика ауқымды трансформация мен жедел даму кезеңіне қадам басты. Теңіз жолдарының осал тұстары құрлықтағы көлік дәліздерінің стратегиялық маңызын арттыра түсті.

Қазақстан осы тарихи мүмкіндікті пайдаланып, Еуразияның жетекші логистикалық орталығына шын мәнінде айналуға тиіс. Қазірдің өзінде Қытайдан Еуропа құрлығына бағытталған жүк тасымалының шамамен 85 пайызы біздің аумақ арқылы өтеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент бүгінгі қолайлы жағдайға қанағат ету болашақта өзгелердің соңынан ілесуші ел рөлінде қалуға әкелуі мүмкін екенін жасырмады. Сондықтан, халықаралық жүк ағындарын толыққанды ұйымдастырушы деңгейіне көшуге қазірден бастап кірісу қажет.

– Бұл ретте отандық логистикалық операторларды дамытуға, жүктерді шоғырландыру және тарату орталықтарын құруға баса мән берген жөн.

Сонымен қатар, көлік тораптарының айналасында жаңа өндіріс орындары мен сауда алаңдарын қалыптастыру маңызды, – деп қоса кетті Мемлекет басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу