Сенат Мәжіліс қабылдаған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды екі оқылымда қарап, мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Құжатты сенатор Марат Қожаев таныстырды.
Сөзінше, Қылмыстық кодекске енгізілген бірқатар түзетулер енгізіледі:
- Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Қылмыстық кодекске жеке адамға қарсы аса қауіпті және ауыр қылмыстар жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықты күшейту бойынша бірқатар түзетулер енгізілді;
- өмір бойына бас бостандығынан айыру қолданылмайтын адамдар санаттарын кеңейту. Мәселен, Қылмыстық кодекстің 46-бабы, егер баптың санкциясында өмір бойына бас бостандығынан айырудан басқа жазаның өзге түрі көзделмесе, онда он сегіз жасқа дейін қылмыс жасаған адамдарға он бес жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру тағайындалады, ал әйелдерге, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектерге жиырма жылдан жиырма бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды тағайындайтын нормамен толықтырылады;
- некеге тұруға мәжбүрлегені үшін, сондай-ақ "дропперлік" (алаяқтарға кибер-алаяқтықты жүзеге асыру мақсатында жалған төлем дроп-карталарын ұсыну) үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді;
- шартты түрде мерзімінен бұрын босату қолданылуы мүмкін адамдардың тізбесі мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған адамдармен толықтырылды;
- адамның өміріне немесе денсаулығына қол сұғумен байланысты ауыр қылмыс немесе аса ауыр қылмыс үшін жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түрімен ауыстыру құқығының туындауы үшін неғұрлым ұзақ мерзімдер енгізілді;
- ауыр қылмыстар және аса ауыр қылмыстар бойынша соттылықты өтеу мерзімі тиісінше 8 және 10 жылға дейін ұзартылды (бұрын жалпы тәртіппен соттылық сәйкесінше 6 және 8 жылдан кейін өтелетін);
- Қылмыстық кодекске сталкинг, яғни адамды оның еркіне қайшы келетін, зорлық-зомбылықпен ұштаспайтын, елеулі зиян келтіруге әкеп соққан байланыс орнатуға және (немесе) оның ізіне түсуге бағытталған іс-әрекеттерде көрініс табатын, адамды заңсыз қудалағаны үшін қылмыстық жауаптылықты көздейтін жаңа 115-1-бап енгізілді.
"Сталкинг, яғни адамды оның еркіне қайшы келетін, зорлық-зомбылықпен ұштаспайтын, елеулі зиян келтіруге алып келген, байланыс орнатуға және (немесе) оның ізіне түсуге бағытталған іс-әрекеттерде көрініс табатын, адамды заңсыз қудалағаны үшін қылмыстық жауаптылық енгізіледі. Заңмен шегілмейтін темекі бұйымдарының, электрондық тұтыну жүйелерінің (вейптердің), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың заңсыз айналымына жататын операциялар түрлері сату және тарату мақсатында жөнелту, тасымалдау, сақтау сияқты түрлермен толықтырылды", – делінген қорытынды құжатта.
"Біз халықаралық тәжірибені зерттеп, Қылмыстық кодекске арнайы "Некеге мәжбүрлеу" бабын енгізуді ұсынып отырмыз. Егер адамды некеге күштеп отырғызса болмаса ар-намысына тиетін ақпаратты жариялаймын деп қорқытса – бұл әрекет енді қылмыс болып саналады. Жаза ретінде 2 жылдан 10 жылға дейінгі мерзім белгіленген", – деді Лаура Мерсалимова Сенат кулуарында.