Қызметтен кетуге өтініш беремін – Ардақ Қаңтарбаев

1033

Екібастұз қаласының әкімі қызметтен кетуге дайын екенін айтты.

Қызметтен кетуге өтініш беремін – Ардақ Қаңтарбаев

Маусым айының басында Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Ахметов пен жергілікті тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің екі қызметкері пара алғаны үшін 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылған еді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Қылмыстық құжатқа сүйенсек, қала әкімдігінің өкілдері абаттандыруға  жауапты мердігерлердің әрқайсысынан орта есеппен 300 мың теңге жинаған. Барлығы 2 млн теңгеден астам сома жиналды. Сол үшін қала әкімінің орынбасары 8 жылға сотталды. Сот шешімі қабылданған соң бірден әлеуметтік желілерде Бауыржан Ахметовтың бейнежазбасы жарияланды. Онда әкімнің орынбасары кәсіпкерлерден түскен қаражаттың барлығы сол тұстағы Үкімет басшысы Асқар Мамин, Сенат спикері Дариға Назарбаева сынды "мәртебелі меймандарды" күтіп алуға жұмсалғанын жария етті.

"Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Сіздің Екібастұз қаласын дамытуға қатысты кешенді жоспар дайындауға қатысты тапсырмаңыздан соң біздің қалаға әр түрлі деңгейдегі мемлекеттік қызметшілердің келуі жиіледі. Жоғары тұрған басшыларды жоғары деңгейде қарсы алу қажет. Бұл – бұрыннан бар заңдылық. Олардың бейресми талаптары бойынша түскі, кешкі астарын мейрамханаларда ұйымдастырып, қымбат сыйлық тарту ету міндеті тағы бар. Екібастұз қаласының әкімі Ардақ Қаңтарбаев бұл жұмыстарды маған жүктеді. Бірақ аста-төк күтіп алу шараларына бюджетте қаражат жоқ екенін жақсы білді. Оған көп қаражат керек екенін де анық түсінді. Сондықтан ТҮКШ бөлімінің екі қызметкерімен бірге кәсіпкерлермен, мердігерлермен кездесіп, қолдау көрсетуді сұрадық. Олар демеушілік көмек ретінде қол ұшын созуға келісті. Яғни біз ешкімді қыстаған жоқпыз. Оны кәсіпкерлердің куәлік еткен сөздерінен байқауға болады... Резиденцияның қақпасын сырлаған бояушы, гүл сатушы, мейрамхананың әкімшісі – барлығы көрсетілген қызмет үшін ақша алғанын айтты. Оны айғақтайтын түбіртіктер де бар", – деген еді әкімнің бұрынғы орынбасары.

20 шілде күні аталмыш іске қатысты аппеляциялық сот болады. Ал қазірдің өзінде жұрт арасында "Екібастұз қаласының әкімі Ардақ Қаңтарбаев отставкаға кете ме?" деген әңгіме желдей есіп жүр. Себебі Мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға сәйкес, қоластындағы қызметкердің пара алғаны дәлелденген жағдайда тікелей басшысы жұмыстан кетуі тиіс. Бұл сұрақ бүгін өңірлік және республикалық БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен брифинг барысында шаһардың басшысына тікелей де қойылды.

"Иә, орынбасарымды мен тағайындаған жоқпын. Мен әкім қызметіне келген кезде ол осы лауазымда қызмет атқарып жатты. Бірақ бұл маңызды емес. Кінәсі дәлелденіп, бас бостандығынан айыру туралы жаза заңды күшіне енсе, қызметтен кету туралы өтініш жазуға міндеттімін, оған дайынмын да. Тиісті алгоритм орындалады. Бұл өтінішті қабылдау немесе қабылдамау – басшылықтың құзіретіндегі іс. Ерекше атап өтерлігі – бізге ешкім "Ақша жинаңдар", "Дастархан жайыңдар" деген тапсырма бермейді. Қонақтарды күтіп алуға жергілікті бюджеттен қаражат қарастырылмайды. Қонақжай халық болғандықтан, меймандарға сый-құрмет көрсету әдеті де бар", – деді Ардақ Қаңтарбаев.

Бұл мәселеге қатысты Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов та пікір білдірген болатын.

"Сот шешімі заңды күшіне енген соң менің тарапымнан тиісті шешім қабылданатын болады. Бұл туралы ақпарат құралдары арқылы біле жатарсыздар", – деп қысқа қайырған еді облыстың әкімі.

Құндыз Қабылденова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу