Атырауда 58 жастағы бастауыш сынып мұғалімінің өліміне қатысты істі қарау басталды. Істі судья Зарема Хамидуллина жүргізіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "Ақ Жайық" газетіне сілтеме жасап.
Оқиға биыл 16 наурызға қараған түні Нұрсая ықшамауданында болған. 63 жастағы зейнеткерге ҚК РК-нің 99-бабы 1-бөлігі "Адам өлтіру" бойынша айып тағылған. Айыптау актісіне сәйкес, ерлі-зайыптылар арасында қызғаныш пен өзара сенімсіздікке байланысты ұзақ уақыт бойы жанжалдар туындаған. Қайғылы оқиға болған түні олардың арасында кезекті ұрыс-керіс болған.
Айыптау нұсқасына сәйкес, түнгі сағат екілер шамасында ер адам ас үйден пышақ алып, қонақ бөлмеге кірген. Ол кезде бөлмеде марқұм әйел мен олардың 12 жастағы қызы болған. Ер адам жұбайына бірнеше рет пышақ сұққан. Әйел алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған. Кәмелетке толмаған қыз баланың сөзінше, ол айқайдан оянып кеткен, әкесін тоқтатуға тырысқанымен, өлімге әкелген соққылардың жасалған сәтін өз көзімен көрмеген.
Сотта айыпталушы кінәсін мойындады. Ол жанжалдан кейін жұбайына пышақпен бірнеше рет соққы жасағанын растады. Сот отырысы кезінде ер адам жылап, жәбірленуші тараптан кешірім сұрады. Ол істі алқабилердің қатысуымен қараудан бас тартты.
Сот барысында айыпталушы мен жәбірленуші тараптың бұған дейін айыптау актісінің көшірмесін алмағаны айтылды. Осыған байланысты судья прокурорға ескерту жасап, құжаттар тараптарға сот отырысы кезінде табысталды.
Келесі сот отырысы 5 маусымға белгіленді. Сот ашық режимде өтіп жатыр.