Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен ҰҚК-нің ШҚО бойынша департаменті қызметкерлері Марқакөл ауданында ауқымды операция жүргізді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жедел іс-шаралар нәтижесінде Қызыл кітапқа енгізілген балық түрлерін заңсыз аулауды кәсіпке айналдырған 23 пен 50 жас аралығындағы 6 адамнан құралған қылмыстық топтың заңсыз әрекетіне тосқауыл қойылды.
Марқакөл және Урунхайка ауылдарында жүргізілген тінту барысында бағалы балық түрлерінің 700 келіден астамы, оның ішінде ускуч пен хариус балығы, сондай-ақ 200 литрден астам ускуч уылдырығы тәркіленді.
Бұдан бөлек, күдіктілерден пайдалануға тыйым салынған ау құралдары, балық аулау жабдықтары, қысқы балық аулауға арналған құрылғылар, радиостанциялар және оқ-дәрілер алынды.
Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Сот санкциясымен күдіктілерге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Қазіргі уақытта құқыққа қарсы әрекеттің барлық мән-жайын анықтауға, ықтимал сыбайластарын және заңсыз жолмен алынған өнімді өткізу арналарының жолдарын белгілеуге бағытталған кешенді тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.