Қызыл паспортын қимай жүргендердің статистикасы белгісіз

1348

Жыл басынан бері 900-ге жуық азаматтың советтік төлқұжаты Қазақстан азаматының жеке куәлігіне ауыстырылған. 

Қызыл паспортын қимай жүргендердің статистикасы белгісіз

Қазақстанда жеке басын куәландыратын құжаты жоқ адамдардың саны 6 мыңнан асуы мүмкін. БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары кеңсесінің маманы Шолпан Олжабаева осындай дерек айтты. Дегенмен, маман бұл нақты статистика емес екенін ескертті. Оның үстіне ұйымның зерттеуі әсіресе оңтүстік өңірлердегі деректер негізінде жүргізілген екен.

"Былтыр Қазақстанда "Неке және отбасы" Кодексіне өзгерістер енгізілді. Қазіргі таңда Қазақстан аумағында туған кез келген бала туу туралы куәлік алуға құқылы. Бұл өте елеулі, жақсы өзгеріс деуге болады", деген БҰҰ өкілі елімізде советтік паспортпен күн көріп келе жатқан адамдардың нақты статистикасы жоқ екенін мойындады. 

"БҰҰ босқындарды қорғап, азаматсыздықты жою үшін "Мен тиесілімін" ("I belong") атты 2014-2024 жылдарға арналған жаһандық науқан жарияланған болатын. Әріптес ұйымдармен бірге 2014 жылдан бері жүргізген зерттеулер Қазақстанда 6000 мыңнан астам адамның азаматтығы белгісіз екенін анықтады. Оның ішінде  қызыл паспортпен жүргендер де бар. Анықталған адамдардың 60 %-ның түбін тексерсе, Қазақстанның азаматы болып шығады. 10 %-ы "Азаматтығы жоқ тұлға" мәртебесіне ие. Қалған 30 %-ы өзге елдердің азаматы екені анықталды. Өкінішке қарай,  қызыл паспорт ұстап жүргендердің ресми статистикасы жоқ. Ешкім ондай статистика жүргізбейді де. Өйткені өз кезінде бұл адамдар тиісті органдарға жүгінбеген. Көбі шалғай аудандарда тұрады. Келесі жылы санақ жүргізілсе, сонда белгілі болып қалар деген үміт бар", дейді Шолпан Олжабева.

Ал көші-қон қызметі жыл басынан бері ғана 800-ден астам қызыл паспортты адамға көмек көрсетіпті. 

"Биыл біз БҰҰ ұйымдарымен бірлесіп арнайы акция ұйымдастырып жатырмыз. Статистиканы қарайтын болсақ, 2019 жылы қызыл паспорт негізінде 1727 адам құжатын ауыстырған болатын. Биыл осы 8 айда 867 адам анықталып,  қызыл паспорт негізінде жаңа құжат алды", – деді Көші-қон қызметі комитеті төрғасының орынбасары Сабыржан Сейітжанов.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу