Қызыл су 30 жыл айтылған сөздің бәрін суға батырды – депутат

186

Елімізде су қоймаларының дені тозған.

Қызыл су 30 жыл айтылған сөздің бәрін суға батырды – депутат Фото: Almaty.tv

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса су тасқынына байланысты мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Әлемде тоғызыншы орын алатын кеңбайтақ жеріміздің жартысынан астамын су басып, ел үйсіз-күйсіз, мал-мүліксіз қалып жатыр. Бұл ойына келгенін істеген ескі отыз жылдық биліктің "Мен кеткен соң дүниені топан су қаптасын" деген теріс пиғылды іс-әрекетінің айқын белгісі екені айқын. Сондықтан да тасқын су апатын тек "Жаңа Қазақстанға" теліп, ақпарат беттерінде қитұрқы саясатын жүргізіп, бұл жағдайды қазіргі биліктің кінәсі етіп көрсетуге ұмтылу – ұрының  "Ұрыны ұстаңдар" деп айқайлағанындай әсер етуде. Бұл әлем елдерін де шарпып жатқан тасқын суды табиғи апат дегенмен, отыз жылдық биліктің кезіндегі жемқорлықтың кесірі де алапат болғаны айқын көрінуде", - деді ол депутаттық сауалында.

Сөзінше, елімізде 30 жылда бір де бір су қоймасы салынбаған. 

"Тозығы жеткен тоғандар мен гидроқұрылыстарға, тасқыннан қорғануға бөлінген қыруар миллиардтар қайда? Олар жемқорлықтың жемсауында кеткен. Жалғыз гидромелиоративты институтты жауып тастаған елде судың жайын кімнен сұрайсың? Мұрабы жоқ ескі биліктің мұрасы осы бізге қалдырған", - деп жалғастырды депутат.

Ағынсудың арынынан  ақпараттық ағын асып түсіп жатыр, деп атап өтті Қазыбек Иса.

"Арыс апаты, Жамбылдағы жарылыс, Қостанай мен Семейдегі он шақты адамды құрбан еткен алапат өрт, қазіргі қызыл судан басталып, топан суға ұласқан тасқынның бәрі талай жылдан бері жарылуын күтіп жатқан миналар екені анық. Қызыл су отыз жыл бойы айтылған қызылсөздің бәрін суға батырып жіберді. "Ескі Қазақстан" есті болса, қазір халықтың 30 жылда тоналған триллиондаған байлығын халыққа қайтару үшін арнайы заң қабылданып, бүтін бір комитет құрылар ма еді", - деді халық қалаулысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу