Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев "TUKIB" түрік-қазақ кәсіпкерлері қауымдастығының өкілдерімен кездесіп, өңірде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Кездесу барысында аймақ басшысы Қызылорда облысының агроөнеркәсіп, құрылыс, тау-кен және өңдеу өнеркәсібі, көлік-логистика, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері салаларындағы әлеуетіне тоқталып, инвесторлармен ұзақ мерзімді әріптестік орнатуға дайын екенін айтты.
Сондай-ақ облыс әкімдігі "Қазақстан Зираат Банктің" Қызылорда қаласында филиалын ашу, "Қазстройподряд" компаниясымен бірлесіп заманауи сауда және ойын-сауық орталығын салу, "Тиряки Холдингпен" керамикалық плита мен санитарлық бұйымдар өндірісін іске қосу мәселелерін ұсынды. Бұдан бөлек, өңдеу өнеркәсібінде "YDA Holding"-тің тәжірибесін пайдаланып жаңа өндірістік жобаларды жүзеге асыру және "Mir Yıldız" компаниясының қатысуымен геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу ұсынылды.
Кездесуде сондай-ақ "Қорқыт Ата" халықаралық әуежайын халықаралық хаб ретінде дамыту, "Alarko Holding"-пен жоғары технологиялық жылыжай кешенін, ал "Aksa Energy"-мен бірлесіп ет өңдеу комбинатын салу бағытындағы жобалар талқыланды.
Кездесу қорытындысында тараптар инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтіп, бірлескен жобаларды жүзеге асыруды жалғастыруға ниетті екенін білдірді.