Қызылорда облысында 2,5 мың тұрғын ауыз сумен қамтылды

224

Жаңақорғандағы су тарату станциясы қайтарылған активтер есебінен салынды.  

Қызылорда облысында 2,5 мың тұрғын ауыз сумен қамтылды Фото: Бейнежазбадан

Қызылорда облысының Жаңақорған кентіндегі "МАИ бекеті" шағын ауданында жаңа су тарату станциясы іске қосылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Құны 1,1 млрд теңге болатын әлеуметтік нысан прокуратура органдары мемлекетке қайтарған активтер қаражаты есебінен салынған.

Жаңа жүйе Жаңақорған кентіндегі "МАИ бекеті" және "Алтықрант" шағын аудандарындағы 2,5 мыңға жуық тұрғынды ауыз сумен қамтамасыз етті. Енді 773 тұрғын үй орталықтандырылған су жүйесіне қосылды.

Бұған дейін бұл аумаққа орталықтандырылған ауыз су желісі тартылмағандықтан, тұрғындар шахталық құдықтарды пайдаланған.

Жаңа нысанның іске қосылуы көп жылдан бері шешімін таппай келген мәселені реттеп, халықтың сапалы ауыз суға қолжетімділігін арттырды.

Жалпы қайтарылған активтер есебінен Қызылорда облысында 14,1 млрд теңгеге 15 әлеуметтік нысан салынып, пайдалануға берілді.

Мәселен, Арал ауданында 1,9 млрд теңгеге 25 орындық жаңа жұқпалы аурулар бөлімшесі іске қосылды. Сонымен қатар құны 22,3 млрд теңгені құрайтын 14 жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қайтарылған активтердің халық игілігіне бағытталуы әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беруде. Бұл қаражаттың тиімді пайдаланылуы мен жобалардың орындалуы прокуратура органдарының бақылауында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу