Қызылорда облысында 4 дәрігерлік амбулатория ашылды

360

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды. 

Қызылорда облысында 4 дәрігерлік амбулатория ашылды Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Қызылорда облысы Шиелі ауданының Талаптан ауылдық округінде жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Өңірде халыққа медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге, саланың инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған кешенді шаралар қабылдануда. Мемлекет басшысының бастамасымен "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасының шеңберінде өңірдің ауылдық жерлерінде 27 медициналық объектінің құрылысы жүргізілуде. Бүгінде, облыс бойынша 15 амбулаторияның құрылысы аяқталды. Жаңа объектілер тұрғындардың игілігі үшін қызмет етсін", - деп түсіндірді өңір басшысы Нұрлыбек Нәлібаев.

Сонымен қатар, қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы жерлестерін қуанышты оқиғамен құттықтады. Ақсақал, Еңбек ардагері Сейтмағанбет Жұманазарұлы да дәстүр бойынша батасын берді.

Айта кету керек, бір қабатты ғимарат дизельді отынмен жұмыс істейтін жеке қазандықтың есебінен жылытылады. Дәл осындай амбулаторияның ғимараты ауданның тағы бір ауылдық елді мекенінде – Ақтоғай ауылдық округінде қолдануға берілді.

Бұдан бөлек, Қызылордада құны 36,4 млрд теңге болатын бір ауысымда 100 адам қабылдайтын емхана, онкология бөлімшесі бар 300 төсек-орынға арналған көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Құны 2,9 млрд теңге болатын қан орталығы жақын арада пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, 9 денсаулық сақтау объектісіне күрделі жөндеу жүргізілді, ал оның бесеуінде жылыту жүйесі газға ауыстырылды.

Жыл соңына дейін облыстық ауруханада 70 орындық перинаталдық орталық, қала маңындағы Досан ауылында медициналық қызмет көрсету станциясы, Жаңақорған көпбейінді ауруханасының базасында "Қамқорлық" оңалту орталығы ашылады.

Күннің екінші жартысында өңір басшысы Қарғалы ауылдық округінің Бұланбай бауы елді мекенінде амбулатория ашу рәсіміне қатысты.

Облыс әкімі ауыл тұрғындарын жаңа объектінің ашылуымен құттықтап, атқарылған жұмыстар мен медицина саласындағы алдағы міндеттер туралы айтып өтті. Сонымен қоса, ауыл тұрғындарын "Құрмет" орденінің иегері, меценат Сейтқали Алшынбаев та құттықтады. Еңбек ардагері Алпысбек Тәшімбет өз батасын берді. Сондай-ақ, осы күндері Жаңақорған ауданының Қаратөбе ауылдық округінде тағы бір дәрігерлік амбулатория ашылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу