Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында құны 5,5 млрд теңге болатын құс фабрикасы пайдалануға берілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Абдулла" шаруа қожалығының кәсіпорны жылына 6 мың тоннаға жуық құс етін өндіруге қауқарлы.
Фабриканың ашылу рәсіміне облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қатысты. Аймақ басшысы жаңа өндіріс жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, өңір экономикасының дамуына серпін беретінін атап өтті.
"Абдулла" шаруа қожалығының құс фабрикасы 120 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды. Мұнда 12 құс қорасы, құс сою және балапан шығару цехтары, әкімшілік және техникалық қызмет көрсету ғимараттары орналасқан.
Кәсіпорында өндірілген өнім Қызылорда облысымен қатар көршілес өңірлерге де жеткізіледі.
Салтанатты шара барысында фабрика құрылысына атсалысқан азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Бұдан бөлек, Жаңақорған ауданында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен құны 1,1 млрд теңге болатын су тарату станциясы іске қосылады. Нәтижесінде "МАИ бекеті" және "Алтыкрант" шағын аудандарындағы 2 мыңға жуық тұрғын үй сапалы ауызсумен қамтылады.
Айта кетейік, өңір экономикасын әртараптандыру мақсатында алдағы үш жылда жалпы құны 1 трлн 900 млрд теңге болатын 48 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. Соның нәтижесінде 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Биыл 100 млрд теңгеге 21 жобаны іске қосу көзделіп отыр.