Қызылорда облысында конго-қырым қанды безгегінен 7 адам зардап шекті

Дәл қазіргі уақытта өңірдегі 115 елді мекен қолайсыз деп танылып отыр.  

Қызылорда облысында конго-қырым қанды безгегінен 7 адам зардап шекті  Фото: aif.ru

Кене шағу дерегімен дәрігерлердің көмегіне жүгінген тұрғындар да бар. Жалпы, Қызылорда облысы аталмыш аурудың табиғи ошағы саналады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Өңірде кенеге қарсы өңдеу шаралары екі кезең арқылы жүзеге асырылмақ. Бұл туралы Қызылорда облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жанабергенова айтты.

"Облысымызда жыл басынан бері 7 адам кене шағу дерегімен медициналық көмекке жүгінді. Қазіргі таңда олардың жағдайы бірқалыпты, өміріне төніп тұрған қауіп жоқ. Конго-қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу мақсатында ақпан айында облыс әкімінің арнайы қаулысы қабылданған. Осыған сәйкес, кенеге қарсы жұмыстардың сапасы мен тиімділігін бақылайтын арнайы жұмыс тобы құрылды. Сонымен қатар, аталмыш аурудың өршіп кету қаупі бар 115 қолайсыз елді мекен анықталды", - деді ол.

Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақов конго-қырым геморрагиялық қызбасынан сақтану жолын айтып, аса қауіпті аурудың алдын алу шараларына тоқталды.

"Тұрғындар кене шыққан жағдайда жедел түрде медициналық көмекке жүгінгені жөн. Өйткені, күнді ұзартып алудың соңы қайғылы жағдайға айналуы ғажап емес. Қазіргі таңда біздің басқарма тарапынан тиісті шаралар қолға алынуда. Мәселен, науқастарға арналған қан қоры және емдеуге қажетті барлық препараттар әзірленуде", - деп мәлімдеді Олжас Ысқақов.

"Ұлттық сараптама" орталығының Қызылорда облыстық филиалының басшысы Фарида Қалиева залалсыздандыру жұмыстары туралы айтып өтті.

Оның айтуынша, биыл аймақта 4928 гектар жерге кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі және бұл күзгі маусымға дейін жалғасады. Бүгінде КҚГҚ-ның табиғи ошақтарында энтомологиялық зерттеу барысында 3 мыңнан астам кене жиналып, оның 372-сіне сынама алынды. Нәтижесінде 4 сынамадан оң нәтиже анықталып, жұқпалығы - 1,1 пайыз екендігі анықталды.

Көктемгі кенеге қарсы өңдеу жұмыстары сәуір айының алғашқы онкүндігінде басталады. Алғашқы болып оңтүстік аудандарда жүргізілмек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу