banner

Қызылорда ЖЭО-ға 4 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген

1948

Енді облыс орталығында тұратын тұрғындар қыста жаурамайтын шығар. 

Қызылорда ЖЭО-ға 4 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген

"Қызылорда ЖЭО-ны жөндеуге "Нұрлы жер" және "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламалары аясында 4 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінді", - деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Нұрмағанбетов.

"Жөндеу жұмыстары, жылыту маусымына дайындық шаралары аяқталды. Сонымен қатар, Қызылордада ұзындығы 15 шақырым магистральды және орамішілік жылу желілерін қайта құру аяқталуда. Осындай жаңғыртудан кейін қалалық жылу желісінің тозуы 42-ден 39 пайызға дейін төмендейді", - деді.

Бірер күнде жылу маусымы басталады. Бірақ тұрғындардың алдыңғы маусымнан қалған берешегі 200 миллион теңгеге жуық екен.

"Бұл қаражат ЖЭО шығындарына, материалдық ресурстарға ауадай қажет. Азаматтар түсіністік танытса екен", – дейді қарызды өндіре алмай жүрген басшы.

Биыл облыста коммуналдық қызметтер бағасы біршама қымбаттады. Мәселен, 11 қыркүйектен бастап өңірде электр энергиясының тарифі халық үшін 4 пайызға, заңды тұлғалар үшін 7,1 пайызға артты. Жылу және газбен жабдықтау тарифтері әзірше өзгеріссіз қалды.

Ал еліміздегі жылумен қамту тарифі ең жоғары Байқоңыр қаласының тұрғындары әзірге жергілікті ЖЭС-ты қайта жаңғыртудан өтсе ғана төмен төлемге ие болмақ.

"Өткен ғасырдың 60-шы жылдары салынған ЖЭС қаланы мазутпен жылытатын болғасын жылу ақысы қымбат. Жылумен жабдықтау тарифін төмендету үшін қала әкімшілігі қала ЖЭС-ін отындық мазуттан қазақстандық табиғи газға көшіру нұсқасын қарастыруда", – деді ҚР Президентінің "Байқоңыр" кешеніндегі арнайы өкілінің қызметін қамтамасыз ету жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Жан Шайхысламов. 

Әрине жылу электр станциясын қайта құру және жаңғырту жұмысы қымбатқа түсері әрі ұзақ жұмыс болары анық. Сондықтан бұл мәселені байқоңырлықтардың әзірге күте тұрары белгілі.

Қызылорда облысының ауылдық жердегілер үйлерін көмірмен жылытады. Сондай-ақ, ауылдардағы әлеуметтік нысандарда қара отынға байланған. Алдағы маусымда 1185 әлеуметтік нысанды жылыту үшін өңірге 39,5 мың тонна қатты және 26 мың тонна сұйық отын, халыққа 163 мың тоннадан аса көмір қажет. Осыны ескерген облыс әкімі жылу маусымында көмір отының негізсіз қымбаттамауын тиісті сала басшыларына қатаң тапсырды.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу