Қызылордада бүгін "Қараөзек" компрессорлық станциясы іске қосылды. Қуатты әрі заманауи бұл нысан оңтүстіктің газ проблемасын шешеді, елдің көгілдір отын экспорттау әлеуетін арттырады. Бұл газ саласы қызметкерлерінің Астана күніне жасаған ерекше сыйы деуге болады. Оған қоса орталық болашақта елорда мен солтүстік облыстарды да көгілдір отынмен жабдықтауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды khabar.kz.
Бүгін "Қараөзек", мұның алдында ғана Ақтөбе облысында "Бозой" компрессорлық станциясы іске қосылды. Қос нысан "Бейнеу-Бозой-Шымкент" магистральдық газ құбырының өткізгіштік қабілетін 10 млрд текше метрге дейін ұлғайтады.
Станция тәулігіне 43,5 млн текше метр газ айдауға қауқарлы. Ол осы көрсеткішімен оңтүстікті де, солтүстікті де, елорданы да қажетті көгілдір отынмен қамтамасыз ете алады. Орталық осы мақсатты ескере отырып жобаланған.
Айта кетейік, "Қараөзек" те, "Бозой" компрессорлық станциясы да соңғы үлгідегі газ айдаушы агрегаттармен жабдықталған. Бұл дегеніміз аса күрделі режимдерде де пайдалануға бейімделген.