Қызылордада 234 отбасы көппәтерлі тұрғын үйден пәтер алды

1032

Қызылордада 234 отбасы көппәтерлі тұрғын үйден пәтер алды

234 қызылордалық отбасы көппәтерлі тұрғын үйден баспаналарының кілттерін алды, оларды Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев жаңа қоныстарымен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аймақ басшысы жаңа пәтерге қол жеткізген тұрғындарды құттықтай отырып, шаңырақтарына құт-береке тіледі.

"Қала күні қарсаңында жаңа мөлтек ауданнан кезекті көпқабатты тұрғын үйлерді пайдалануға беріп отырмыз. Жаңа шағын ауданға әлі ат берілген жоқ, дегенмен бұл жерде 25 тұрғын үй бой көтерді, жақын арада мектеп пен балабақшаның құрылысы басталады. Қала үшін биылғы жылдың басты жаңалығы - Сырдария өзенінің сол жақ жағалауындағы жаңа қала құрылысының басталуы. Бүгінде сол жағалауда 18 көпқабатты тұрғын үйлердің, 320 орындық балабақшаның, жастар орталығының, "Болашақ" университеті кампусының, Қазақ орталық атқару комитетінің бұрынғы ғимаратының сызбасы негізінде аймақтың рухани жаңғыру орталығының құрылыстары қарқынды жүруде. 1925 жылы Қызылорда астана болып тұрған шақта осы ғимаратта тарихи шешім қабылданып, ұлтымыз "қазақ"  деп аталған. Құрылыстың қарқыны жағынан біз Астанадан кейінгі орындамыз, Алматымен деңгейлес, ал республика бойынша алдыңғы бестікке кіреміз. Өткен жылы Алматы қаласында мемлекеттік бағдарламамен 63 көпқабатты үй салынса, Қызылордада 80 үй салынды", - деп атап өтті облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.

Баспаналы болған тұрғындарды еңбек ардагері, Қызылорда қаласының Құрметті азаматы Жеткерген Оразбаев та құттықтап, батасын берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу