Қызылордада 50 автобус сатып алуға 2,9 млрд теңге бөлінді

488

Отандық өндірістің әр жаңа автобусы қаржы лизингі аясында қосымша құн салығынсыз 47,8 млн теңгені құрайды.  

Қызылордада 50 автобус сатып алуға 2,9 млрд теңге бөлінді Фото: qaztehna.kz

Өткен жылдың желтоқсан айының соңында Мемлекеттік сатып алу порталында “Қаржы лизингі бойынша қызметтер (50 автобус)" лоты пайда болды. Тапсырыс беруші – "Қызылорда" Автобус Паркі" ЖШС. 28 желтоқсан күні өтінімдерді қабылдау басталып, 2023 жылдың 7 қаңтарында аяқталды. Тендерді ҚР ИИДМ Өнеркәсіпті дамыту қоры жеңіп алды.

Лоттың құжаттамасында көрсетілгендей, "QazTehna" ЖШС (Қарағанды облысы, Саран қ.) өндірген Yutong ZK6852HG маркалы 50 автобус сатып алуға қосымша құн салығынсыз 2 млрд 912 млн теңге бөлінді.

Бір автобустың құны ҚҚС-сыз 47 млн 800 мың теңге деп белгіленді. Яғни 50 автобус үшін 2 млрд 390 млн теңгені құрайды.

Аванс сомасы – 478 млн теңге. Негізгі борыш сомасы – 1 млрд 912 млн теңге (ҚҚС-сыз). Сыйақы сомасы – 518 млн теңге (ҚҚС-сыз). Автобустарды қабылдау-беру және мониторинг рәсімдеріне – 3,5 млн теңге.

Лизинг мерзімі – 7 жыл. Бұл ретте лизинг мерзімі лизинг беруші автобустарды лизинг алушыға уақытша иеленуге және пайдалануға берген күннен бастап кемінде 36 айды құрайтын болады. Лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 7%-дан аспайды.

Ақпаратқа сәйкес, қоғамдық көліктерді Қызылордаға мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалған күннен бастап 6 ай ішінде жеткізу қажет.

Yutong ZK6852HG моделінің кепілдік мерзімі – 18 ай.

Автобустарда 20 орын, газға арналған қозғалтқыш, 5 бейнебақылау камерасы, ГЛОНАСС жүйесі, валидаторлар мен GPS-ке арналған сымдар, пандус және т.б. болуы қажет.

2022 жылы Қызылорда облысының әкімдігі ҚР ИИДМ Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы 150 жаңа автобус сатып алғанын хабарлаған еді. Оған 1 млрд 430 млн теңге бөлінген. Яғни әр автобустың құны – 9,5 млн теңге.

Биыл тағы 150 автобус сатып алу жоспарланып отыр. Бұл мақсаттарға 1 млрд 434 млн теңге бөлінбек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу