Қызылордада алғаш рет 3 педофилге химиялық кастрация жасалды

3001

Мәжбүрлі түрде химиялық кастрация сот-психатриялық сараптама нәтижесіне қарай сот шешімімен тағайындалады. 

Қызылордада алғаш рет 3  педофилге химиялық кастрация жасалды

Жуырда ғана ҚР Қылмыстық атқару жүйесі комитеті республикада 11 азғынға химиялық кастрация жасалатынын айтқан болатын. Осыған орай Қызылорда облысында қылмысы ауыр зорлықшыларды мәжбүрлі түрде емдеу шарасы жасалды.

"Азғындық ісі бойынша қылмыс көрсеткіші төмендеген. 12 қылмыстық іс бойынша үкім шығарылды. 3 сотталушыға химиялық кастрация түрінде мәжбүрлеп емдеу шарасы қолданылды", – деді облыс прокурорының бірінші орынбасары Талғат Әлібаев.

Мәжбүрлі түрде химиялық кастрация сот-психатриялық сараптама нәтижесіне қарай сот шешімімен тағайындалады. ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес, мұндай жаза кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс жасаған, жасы 18-ден асқан адамдарға қолданылады.

Бұндай процедуралар Павлодар және Ақмола облысындағы мекемелерде екі адамға жүргізіліп жатыр.

Аймақта құқықбұзушылықтар профилактикасының кешенді жоспары да бекітілмекші. Облыстық прокуратура бастамасының ең маңыздысы мерзімін өтеп жүргендерді қоғамдық жұмыстарға тарту болмақ.

"Облыста 2000-ға жуық адам пробациялық есепте тұр. Оларды 3 санатқа бөліп, тізімі жасалды. Біздің қызметкерлер қалалық пробация есебіндегі 679 адамның мекен-жайына бару арқылы тексеру жүргізді", – деді Т.Әлібаев. Қазіргі таңда түзеу мекемесіндегі сотталғандардың 84 проценті жұмыспен қамтылған.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу