Қызылордада балалар үйінің түлегі 17 жыл бұрынғы тұрғын үй алу құқығын қалпына келтірді

113

Бұл туралы Жоғарғы соттың баспасөз қызметі мәлім етті.

Қызылордада балалар үйінің түлегі 17 жыл бұрынғы тұрғын үй алу құқығын қалпына келтірді Фото: ult.kz

Қызылорда облысының тұрғыны, А.Макаренко атындағы балалар үйінде 1996-2008 жылдары тәрбиеленген әйел сот арқылы мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу құқығын дәлелдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Интернаттан кейін ол ұзақ уақыт алыс туыстарымен саяжайда тұрған. 2016 жылы тұрмысқа шығып, ұл босанған, кейін баласы денсаулығына байланысты 3-топтағы мүмкіндігі шектеулі деп танылды. Ажырасқаннан кейін әйел бұрынғы күйеуінің қолдауынсыз, баласын жалғыз өзі тәрбиелеп келеді. Балалар үйінің түлегі ретінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу құқығы барын білмеген.

"Тұрғын үй инспекциясы бөлімінен баспанаға тіркеуден бас тарту туралы хабарлама алған соң, ол сотқа жүгінген. Бірінші сатыдағы сот өтініш берушіні "жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар" санаты бойынша тұрғын үйге мұқтаж деп уақтылы есепке алмаған уәкілетті органдардың әрекетсіздігін анықтады", – делінген Жоғарғы сот таратқан ақпаратта.

Сот әйелдің халықтың әлеуметтік осал топтарына жататынын және мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға құқығы бар екенін көрсетті. Құқықтық қатынас мектепті бітіріп, аттестат алу кезінде – 2008 жылғы 20 маусымда туындаған деп танылды.

Талап қою қанағаттандырылып, сот оның көрсетілген күннен бастап тұрғын үй кітабына тіркелу құқығын мойындады. Қызылорда қаласының әкіміне және қалалық тұрғын үй инспекциясы бөліміне талап қоюшыны тиісті түрде тіркеуді қамтамасыз ету тапсырылды.

Сот шешімі заңды күшіне енді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу