Қызылорда қаласының прокуратурасы инвестордың құқығын қорғап, оған қатысты негізсіз қолданылған жедел ден қою шарасының күшін жойды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Прокуратураның мәліметінше, қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы "TEMA RETAILKZ" ЖШС-не қатысты жедел ден қою шарасын прокуратурамен алдын ала келіспей қабылдаған. Тиісті шешім тек шара қолданылғаннан кейін ғана келісуге жіберілген.
Тексеру барысында прокуратура бұл шешімнің негізсіз екенін анықтап, оны келісуден бас тартты. Заң бұзушылықтарды жою мақсатында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне прокурорлық қадағалау актісі енгізілді. Нәтижесінде инвесторға қатысты заңсыз шараның күші жойылды.
Сонымен қатар кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін қалалық басқарманың басшысы мен бас маманы әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Әрқайсысына Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 173-бабының 1-бөлігі бойынша 432 500 теңге айыппұл салынды.
Прокуратура инвесторлар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және мемлекеттік бақылау кезінде заңдылықты қамтамасыз ету жұмыстары жалғасатынын атап өтті.