Қызылордада қашан кәсіби футзал клубы құрылады?

Қызылордалық кәсіби футболшылар облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа ашық хат жазуға мәжбүр.

Қызылордада қашан кәсіби футзал клубы құрылады? Фото: Фото: celes.club

​Соңғы жылдары Сыр елінде кәсіби футзал клубын құру мәселесі көп көтеріліп жүр. Алғашқыда қозғау болып, мәселе шешімін тапқан секілді де көрінген.

Бір қызығы, желтоқсан айында басталатын Бірінші лигаға Қазақстан футбол Ассоциациясы "Қайсар" футзал клубын қатысушы ретінде тіркеп қойған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

- Бүгінде өңірімізде футзал (шағын футбол) ең үлкен бұқаралық сипатқа ие. Қазіргі таңда аймақта 10 мыңға жуық адам әуесқойлар лигасында доп теуіп жүр. Әр сенбі, жексенбі күндері жергілікті командалардың ойынын тамашалайтын жанкүйерлер "Евразия" спорт кешеніне сыймай қалады және көпшіліктің қызығушылығы да жыл сайын артып келеді. Яғни, футзалмен тыныстайтын халықтың қарасы қалың. Кезінде біздің аймақта "Тұрар" мен "Динамо" кәсіби футзал командасы ел чемпионатына қатысып, Сыр өңірінің намысын қорғаған болатын. Өкінішке қарай, қазір Қызылорданың атынан Қазақстан чемпионатында бірде-бір кәсіби футзал клубымыз жоқ. Ұзақ жылдардан бері облыстың футзалшылары ел біріншіліктерінен тыс қалып келеді. Бұл – өз қазанында өзі қайнаған жергілікті аяқдопшылардың кәсіби тұрғыда өсуіне ең басты кедергі. Әуесқойлар жарысынан шыққан жігіттердің көбі бүгінде өзіміздің емес, өзге өңірдің футзал клубтарында ойнап жүр. Қазір басқа аймақтың барлығында дерлік футзалға ерекше қолдау бар, алға ілгерілеушілік байқалады, - делінген ашық хатта. 

Жалпы, бұған дейін Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасының басшысы Мира Қазбекова БАҚ өкілдеріне берген брифингінде "2024 жылдың бюджетіне мәдениет және спорт басқармасы тарапынан 120 миллион теңге қарап, мамандарды, бапкерлерді тарту бойынша ұсыныс берілді. Ары қарай депутаттар қолдап, экономика басқармасы қаржы беріп жатса, футзал клубын құруға дайынбыз" деп жауап берген болатын. 

Ал, жергілікті футзалшылар уақыт өткен сайын үміт оты өшіп бара жатқанына алаңдайды. Сондай-ақ, футзал клубын құру барша сырбойылық спортсүйер қауымның арманы екенін айтады. 

- Уақыт өткен сайын үміт сейіліп барады. Сондықтан, Нұрлыбек Машбекұлы, облыс әкімі ретінде сізден Сыр өңірінен "Қайсар" футзал клубын құруға ықпал етуіңізді барша футбол жанкүйері атынан сұраймыз. Бұл – мыңдаған жанкүйер мен аладопты жанына серік еткен аяқдопшылардың арманы. Бүгінде футзалдан Қазақстан құрамасы әлемде үздіктер қатарында келеді. Ал, ел ішінде Қарағанды, Астана, Алматы, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Семей, Тараз, Шымкент, Рудный, т.б. секілді футзалы бар қалалардың қатарынан Қызылорда да қалыс қалмаса екен деген талап-тілегіміз бар, - деп қорытындыланған хат мәтіні. 

Спорт журналистері Қазақстанда футзал клубын ұстап тұруға көп ақша кетпейтінін айтады. Яғни, еліміздің футболға бөлетін ақшасының қасында бұл түк емес. Тиісінше, Қазақстан құрамасы футболдан әлемдік рейтінгте 100-дікке енсе, футзалда үздік 10-дыққа кіреді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу