Қызылордада қоғамдық орындарда бетін тұмшалаған 300-ге жуық адамға ескерту жасалды

131

Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске сәйкес, адамның жүзін тануға кедергі келтіретін киім киюге тыйым салынған.   

Қызылордада қоғамдық орындарда бетін тұмшалаған 300-ге жуық адамға ескерту жасалды Фото: Қызылорда облыстық Полиция департаменті

Оған балаклава, медициналық мақсаттан тыс бетперде, никаб пен адамның бет-жүзін толық немесе ішінара жабатын өзге де киім түрлері кіреді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қызылорда облысында қоғамдық орындарда адамның бет-әлпетін тануға кедергі келтіретін киім үлгілеріне қатысты заң талаптарын түсіндіру жұмысы тұрақты түрде жүргізіліп келеді.

– Жыл басынан бері облыс бойынша аталған бапқа қатысты 303 әкімшілік құқық бұзу дерегі тіркелді. Соның 301-іне ескерту берілсе, 2-іне айыппұл салынды. Іс-шара барысында полиция қызметкерлері тұрғындармен кездесіп, заң талаптарын түсіндіріп, ақпараттық жадынамалар таратты.

Сонымен қатар азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, қоғамдық орындарда құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған жұмыс жүргізді. Әсіресе, сауда-ойын-сауық орталықтарында, білім беру ұйымдарында және адамдар көп шоғырланатын орындарда профилактикаға мән беріледі, – делінген облыстық полиция департаментінің хабарламасында.

Мұндай іс-шаралардың негізгі мақсаты – азаматтарды жауапкершілікке тарту емес, құқықбұзушылықтың алдын алу.

Заң талаптарын алғаш рет бұзған азаматтарға ескерту жасалады. Құқық бұзушылық тағы да қайталанса заңнамаға сәйкес 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу