Қызылордада малшылар слеті өтті

1421

Қызылордада малшылар слеті өтті

11-12 мамыр күндері Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында IV облыстық малшылар слеті өтті, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі. 
Іс-шараға ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының, "ҚазАгро" ұлттық басқарушы холдингінің басшы қызметкерлері, еліміздің белгілі ғалымдары, төрт түлік малдың республикалық палаталары мен Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстарының өкілдері қатысты.

Слет аясында жергілікті тауар өндірушілер өнімдері, ветеринарлық техника мен құрал-жабдықтарының көрмесі ұйымдастырылды. Мұнан бөлек, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту және мал шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері бойынша семинар өтті.

Слетке қатысушылар ауданда орналасқан "Орда Агротехнология" және "Бекарыс Агрофуд" репродукциялық шаруашылықтардың жұмысымен танысты. Шаруашылықтар "Байқоңыр" ӘКК бірлесіп, ет бағытындағы 150 бас "Санта Гертруда" тұқымды және 300 бас қалмақ тұқымды ірі қара мал сатып алып, селекциялық жұмыс жүргізіп жатыр.
Іс-шараға қатысқан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев мал шаруашылығы қазақ халқының ата кәсібі болып табылатынын және осы күнге дейін республикамызда жетекші сала екендігін атап өтті.

"Бүгінгі күні ата кәсібіміз – мал шаруашылығының ел экономикасындағы салмағы азайғанымен, оның тұрмыстық-шаруашылық, тарихи-мәдени мән-мағынасы кеміген жоқ. Әсіресе, әлемде жылдан жылға халық санының өсуінен сапалы азық-түлік өндіру ғаламдық деңгейдегі өзекті мәселеге айналып отыр. Елбасы айтқандай, "Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор. Көптеген позициялар бойынша біз әлемдегі ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілер бола аламыз". Сондықтан, көп жыл ұмыт болып, бүгінде дәстүрге айналған малшылар слетінің негізгі мақсаты да - төрт түліктің жаңа замандағы алар орны жайлы ой салу. Осы кәсіпті кеңейтіп, оны дамытудың жолдары туралы пікір алмасу. Ықылым заманнан келе жатқан ата-бабаларымыздың "малым-жанымның, жаным-арымның садағасы!" деген қағидасын жаңа ХХІ ғасырда да үлкен ниетпен, үлкен үмітпен қайталаймыз!", - деді аймақ басшысы.

Айта кету қажет, облыс тарихында алғаш рет ауыл шаруашылығы өнімдерін тарату нарығына маркетингтік зерттеулер жүргізіп, облыстың агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2020 жылға дейінгі "Агрокартасын" қабылданды. Жоспарға сай 2022 жылға дейін облыста ет өндірісін 13 мың тоннаға, сүт өндірісін 68 мың тоннаға ұлғайту және 2021 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 5 есеге дейін арттыруға тиіс.

"Облыстың географиялық жағынан тиімді орналасуы Қытай, Орталық Азия, Ресей, Еуропа мемлекеттеріне өнімдерімізді экспорттауға өте қолайлы. "Жезқазған-Сексеуіл-Бейнеу" темір жолы Иран және Парсы шығанағындағы елдермен сауда-саттық жасаудың жолын ашып отыр. Ал, буферлік аймақтан шығуымыз, өткен жылдың өзінде Иран, Монғолия, Біріккен Араб Әмірлігіне 2,3 мың бас тірілей қозы етке өткізу мақсатында экспорттауға мүмкіндік берді", - деп атап өтті өңір басшысы.

Қазір Иран, Қытай, Монғолия, Еуропа, Ресей елдері Қазақстанда өндірілетін табиғи өнімдерге үлкен қызығушылық танытып, агросекторға инвестиция салуға, өндірілген ауылшаруашылық өнімдерді сатып алуға дайын екендігін білдіруде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу