Қызылордада жаңа автовокзал ашылды

176

Жаңа автовокзал бюджет қаржысы есебінен 975 млн теңгеге салынды. 

Қызылордада жаңа автовокзал ашылды Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Қызылордада жаңа заманауи үлгіде автовокзал ашылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа арнаған Жолдауында "Көлік-логистика саласы экономикамызды алға бастайтын басты күштің біріне айналуға тиіс" деген болатын. Автобустармен жолаушы тасымалдау – үлкен сұранысқа ие қызмет. Жолаушылар мен жүк тасымалын ұлғайту, қызмет сапасын жақсарту мақсатында өткен жылы жаңа автовокзал салу жөнінде шешім қабылданып, Сырдың бас шаһары тағы бір әсем, заманауи нысанмен толықты. Құрылысшыларымыздың құрыш қолынан шыққан осы ғимараттан аттанған жолаушылардың жолы ақ, сапары сәтті болсын! Аймақ экономикасының кірісін еселейтін көліктер легі толастамасын! Ел мен елдің, ағайын мен туыстың арасын жалғайтын татулықтың тұтқасы, сауда-саттық пен іскерлік байланыстың алтын көпірі болсын!", – деді қала тұрғындарын құттықтаған аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев. 

Жаңа автовокзал бюджет қаржысы есебінен 975 млн теңгеге салынды. Мұнда жолаушылар мен жүргізушілерге, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға барлық жағдай қарастырылған. Жолаушылар автовокзалдан халықаралық және түрлі бағыттағы 38 маршрут бойынша сапарға шыға алады. Соңғы жылдары Сыр өңірінде барлық саланың материалдық-техникалық базасын, оның ішінде автопаркін жаңартуға басымдық берілуде. 

Қызылорда қаласындағы қоғамдық көліктің мәселесін түбегейлі шешу үшін жаңадан 300 автобус, мектеп оқушыларына 30 автобус, денсаулық сақтау саласына 70 жедел жәрдем көлігі, орманшыларға 95 техника, ветеринария саласының мамандарына 30, құқық қорғау органдарына 92 қызметтік автокөлік, төтенше жағдайлар қызметіне 17 арнайы техника алынған болатын. 

 "Үлгілі елді мекен" облыстық байқауының жеңімпаздарына күнделікті ел тұрмысына ең қажетті деген заманауи үлгідегі 29 арнайы техника берілді. Биыл облыс тұрғындарының сұранысына сәйкес барлық елді мекендердегі денсаулық сақтау ұйымдарына 200 санитарлық автокөлік сатып алынбақ. Қала тұрғындарына арзан бағамен тасымал қызметін көрсететін 100 экотакси 1 млрд теңгеге алынуда. Электр қуатымен жүретін көліктер ортақ желі арқылы жұмыс жасап, жолаушыларды діттеген жеріне қауіпсіз жеткізеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу