Қызылордада жаңажылдық отшашу, думанды кеш болмайды

2248

Келесі жылы бюджет кірісі 8 млрд 570 млн 228 мың теңгені құрамақ.

Қызылордада жаңажылдық отшашу, думанды кеш болмайды

Келер жылғы Қызылорда қаласының бюджеті қандай болмақ? Осы және өзге де мәселелер қалалық мәслихаттың жылжабар сессиясында айтылды.

Келер жылғы қала бюджетінің кіріс бөлігінде біраз өзгеріс бар. Мәселен, фискалдық операциялардан түсетін түсім 10-да 90 бөлінісі болмақ. Яғни,  салықтың 90 пайызы облысқа тек 10 пайызы ғана қала тайқазанына бөлінбек.

"Кіріс көзін қайтарамыз, сонда 10 пайызы ғана қалады. Келесі жылы біздің бюджеттің өз кірістеріміз 8 млрд 570 млн 228 мың теңгені құрайды", - деді Қызылорда қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Гүлнар Баймаханова.

Бюджеттегі өзгерістерге қатысты қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевта түсіндірме бере кетті.

"Бюджетті бекітіп жатырмыз. Биылғыдан қарағанда төмендеу. Өздеріңіз білесіздер, 2021 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап республика бойынша білім саласы облыстық бюджетке ауысып жатыр. Ол тек біздің өңірде емес республика бойынша. Негізінен бюджеттің 40 пайыздан астамы әрдайым осы білім саласына бағытталады. Былтыр бюджет 100 млрд-қа жақын болса, соның 40 млрд-қа жуығы білім саласына жұмсалатын. Бұл жолы да жылдың басында 30 млрд-тай қаражатымыз білім саласы арқылы облысқа ауысады", - деді қала әкімі.

Келер жылдан бастап қала мұғалімдерінің айлығын енді облыстық білім басқармасы бөледі. Осылайша білім саласына бөлінетін қаржы орталықтан басқарылмақ. 

Және бір жаңалық осыған дейін 9 мамырда соғыс ардагерлері мен тыл ардагерлеріне есептік көрсеткішпен есептелетін әлеуметтік жәрдемақы беріліп келді. Енді оның бекітілген сомасы анықталды. Сондай-ақ, Тәжік, Ауған, Ирактағы халықаралық бітімгершілік операциясына қатысқан, Таулы Қарабақтағы этносты ретеуге қатысқан азаматтарға да арнайы жәрдемақылар беру туралы ұсыныс берілді. Атап айтқанда келер жылдың 9-шы мамырында 2-ші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне 1 миллион теңге, тыл ардагерлеріне 100 мың теңге, соғыс ардагерлерінің жесірлеріне 100 мың теңге, халықаралық бітімгершілік операциясына және Таулы Қарабақтағы этносты реттеуге қатысқан азаматтарға 87 мың 510 теңге қаржы бір реттік әлеуметтік көмек беріледі.

Сондай-ақ, жыл сайын дәстүрге айналған жаңа жылдық отшашуға биыл тоқтам салынды. Оған бюджеттен қаржы қарастырылмаған. Бұдан бөлек безендіру жұмыстарына да қаржы бөлінген жоқ. Ал қаланың бас шыршасы 25 желтоқсанда орнатылады. Және де жылдағыдай думанды кеш ұйымдастырылмайды, ұжымдық жиналу шараларына да рұқсат жоқ.

Қала әкімдігі бұрын алынған жаңа жылдық тақырыптық көрнекі құралдарды қоймақшы.

"Індет басталғалы бергі мерекелік шараларға бөлінген қаржыны басқа әлеуметтік қажеттіліктерге бағыттадық. Дегенмен, халықтың мерекені сезінуге жағдай жасау үшін біз бұрын алған қажеттіліктерді орнататын боламыз", - деді қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов.

Нұрбек Дәуренбеков

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу