Қызылордада жеуге жарамды ыдыс-аяқ түрін өндіретін цех жұмыс істейді

616

Мұндай цех Қазақстан бойынша тек Қызылордада ғана екен, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Қызылордада жеуге жарамды ыдыс-аяқ түрін өндіретін цех жұмыс істейді

Қызылордалық кәсіпкер Жамбыл Қожахметов цехына уақытша "Биоыдыстар" деген атау қойып, пайдаланып болғаннан кейін жеуге жарайтын шыныаяқ, табақ түрін шығарып жатыр. 

– Жеуге жарамды ыдыс – бұл табиғи ингредиенттерден жасалған өнім: жұмыртқа, ұн және әртүрлі қоспалар. Біздің ыдыспен сіз кез келген жұмсақ тағамды шамамен он минут жей аласыз, содан кейін ыдыстың өзін жеуге болады. Бұл ерекше жобаға көп ізденістен кейін, ойланып барып келдім. Біздің өніміміз тұтынушының сұранысына қарай әртүрлі қоспалар мен пішінде дайындалады. Бүгінгі күні балмұздаққа, суға, сорпаға, салатқа, кофеге арналған ыдыстарды дайындап жатырмыз, – дейді кәсіпкер.

Бір реттік пайдалануға жарамды ас үй жабдықтарына Қазақстанда сұраныс өте жоғары. Кәсіпкер Жамбыл Қожахметов еліміздегі кейбір тез дайындалатын тағам жасайтын орындар мұндай ыдыстарды өзге мемлекеттерден алдыратынын айтады. 

– Мұндай өнімдер сұранысқа ие. Бұрын Ресейден тапсырыс бергендер, қазір тікелей бізден алады. Цех автоматтандырылған, тәулігіне 24 сағат, жыл бойы ыдыс-аяқ шығаруға мүмкіндік бар. Уақытында серіктестермен бірге арнайы оқу-семинарларына қатыстым. Жоспар көп, өндірісті кеңейту, шығарылатын өнімнің түрін арттыру, сондай-ақ болашақта эко-ыдыстарды (жеуге жарамсыз) іске қосу ойда бар, – дейді ол.

Кәсіпкер нан өнімдерімен жұмыс істегеннен кейін істің сапалы болуын қатты қадағалайтынын айтады. Ерекше бизнеске жан бітірген Жамбыл Қожахметов болашақта өндіріс көлемін кеңейтіп, жеуге жарайтын шанышқы, қасық секілді заттарды да жасап шығаратынын жеткізді. 

Рыскелді СӘРСЕНҰЛЫ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу