Қызылордалық өнімдер әлемнің қанша еліне экспортталады?

Шетелге шығатын өнімдердің арасында қамыс пен күріш қалдығы да бар.  

Қызылордалық өнімдер әлемнің қанша еліне экспортталады? Фото: Нұрболат Нұржаубай

Сыр елінің өнімдері көршілес мемлекеттерден бөлек Ирак, Франция, Германия, Нидерланды және Дания секілді елдерге де жөнелтіледі. Экспортталған барлық өнімнің 86 пайызы – күріш дақылы, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2023 жылдың 1 желтоқсанына Қызылорда облысынан 27,8 миллион долларды құрайтын 52,2 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері (күріш, балық өнімдері, күріш қалдығы, қамыс, күнбағыс тұқымы, көкөніс, МІҚ, тұқымдар мен жемістер, қызанақ, қауын, қарбыз, өсімдіктер, т.б.) әлемнің 21 мемлекетіне экспортталған.

Қызылорда облысы ауыл шаруашылығы басқармасының ауыл шаруашылығы кооперациясы және экспорт бөлімінің басшысы Гүлмира Исабергенова экологиялық таза өнімді экспортқа шығару қажеттілігі бар екенін айтты.

"ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Cындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты 2019 жылғы Қазақстан халқына Жолдауының "Дамыған агроөнеркәсіптік кешені" бесінші бағытында Агроөнеркәсіптік кешенің қарқынды дамыту бойынша ауыл шаруашылығы саласының маңыздылығы, органикалық және экологиялық таза өнім өндірісі және өңделген өнімді экспортқа шығару қажеттілігі айқындалып отыр.

Осы бағытта негізгі міндет ретінде экспорттық әлеуетті арттыру мен өткізу нарықтарын кеңейту болып белгіленіп, 2025 жылы өнделген өнімнің экспорт көлемін 2019 жылмен салыстырғанда екі есеге ұлғайту бойынша мақсат қойылған еді", - дейді ол.

Қызылорда облысынан экспортталған барлық өнімнің 86 пайызын құрайтын облыстың негізгі дақылы – күріш өнімі. Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Тәжікстан, Украина, Түркіменстан, Грузия, Моңғолия және Ирак мемлекеттеріне 44 917,3 тонна күріш өнімі экспортталған.

Статистикаға сәйкес соңғы үш жылда (2020-2022 жж) агроөнімінің экспорты 137,4 млн долларды (331,5 мың тонна) құрады. Өңір негізінен күріш шаруашылығына бағытталғандықтан, экспорт көлемінің басым бөлігін 90 пайызға жуық күріш өнімі құрайды. Мысалы, 2022 жылы 48,8 млн долларға 100,5 мың тонна күріш өнімі әлемнің 14 мемлекетіне экспортталып, 2020 жылмен салыстырғанда 1,8 есеге артып отыр.

2023 жылдың 11 айында жалпы агроөнім экспорты 27,8 млн доллар (52,2 мың тонна) болды. Жалпы, экспорт көлемінің төмендеуіне күріш егісінің 2022 жылы су тапшылығы салдарынан 5 мың гектарға қысқаруы әсер етті, - дейді Қызылорда облысы ауыл шаруашылығы басқармасының ауыл шаруашылығы кооперациясы және экспорт бөлімінің басшысы Гүлмира Рахымжанқызы.

Сондай-ақ, Қызылорда облысынан Польша, Литва, Германия, Франция, Грузия, Әзірбайжан, Австрия, Нидерланды, Ресей, Қытай, Дания, Чехия және Румыния мемлекеттеріне 1960,3 тонна балық, Өзбекстан мемлекетіне 102 бас - 28,6 тонна мүйізді ірі қара, Германия, Дания, Нидерланды, Польша және Франция мемлекеттеріне 2212,1 тонна қамыс, Ресей және Өзбекстан мемлекетіне 310 тонна күріш қалдығы және Қытай мемлекетіне 198 тонна күнбағыс тұқымы, 325,7 тонна көкөніс және 178,5 тонна мақсары тұқымы және 227,6 тонна көкөністер, Ресей мемлекетіне 320 тонна қызанақ, 1436 тонна қарбыз, 115 тонна қауын экспортталыпты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу