Тарихшы Тастанбек Сәтбай Олжас Сүлейменовті 2026 жылғы Нобель бейбітшілік сыйлығына ұсыну жөніндегі бастаманының жүзеге асып жатқанын мәлім етті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
– Осыған байланысты тарих ғылымдарының докторы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті қауымдастырылған профессоры Тастанбек Яхьяұлының қатысуымен, арнайы кездесу өтті. Ақынның бейбітшілік жолындағы тарихи миссиясы негізделіп, оны Нобель бейбітшілік сыйлығына ұсыну туралы бастама көтерілді. Кездесу барысында қатысушыларға Олжас Омарұлы Сүлейменовтің қоғамдық қызметі, әсіресе оның "Невада – Семей" қозғалысын құруы, Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына ықпал еткені және ядролық қаруға қарсы жаһандық қозғалыстың қалыптасуына қосқан үлесі кеңінен түсіндірілді, – дейді ол.
Жиын қорытындысында бастама толық қолдау тапқан. Арнайы үндеу-хатқа қол қойылып, құжат Норвегия Нобель комитеті орналасқан Осло қаласына ресми түрде жолданған.
Партия өкілдері бұл қадамды "Қазақстан қоғамының бейбітшілікке деген нақты ұстанымы мен ядролық қаруға қарсы азаматтық жауапкершілігін білдіретін маңызды шешім" деп бағалап отыр.
Тастанбек Сәтбайдың ұсыныс хатында Олжас Омарұлының бейбітшілік жолындағы еңбегі ең алдымен шығармашылығынан бастау алатыны негізге алынды. Хатта ақынның "Адамға табын, Жер енді!" сияқты туындылары ХХ ғасырдағы адамзатты татулыққа шақырған үн ретінде бағаланатыны, ал "АЗиЯ" еңбегі тарихи санадағы қатып қалған түсініктерді бұзып, халықтар арасындағы өзара түсіністікке қызмет еткені айқындалған.
Хатта оның "Невада – Семей" қозғалысын құруы азаматтық қарсылықтың әлемдік үлгісіне айналып, Семей ядролық полигонындағы сынақтардың тоқтауына ықпал еткен тарихи прецедент ретінде көрсетілген. Автордың пайымдауынша, Сүлейменов ядролық қаруға қарсы күресті саяси науқан ретінде емес, адамзаттың болашағы үшін бастаған.
– Сол себепті, Сүлейменовті Нобель бейбітшілік сыйлығына ұсыну – жаһандық қарусыздану мен гуманизм идеяларын қолдаудың маңызды белгісі, – деп атап көрсетті Т. Сәтбай.