Лицензиясынан айырылған банктегі несиені төлеу керек пе?

Әрбір борышкер бұл сұрақтарды өзіне бір рет болса да қойғаны сөзсіз.

Лицензиясынан айырылған банктегі несиені төлеу керек пе? Фото: n26.com

Көп адам банкті барлық операцияларды жүргізу лицензиясынан айыру - төлемдерден босатады деп ойлайды. Шын мәнінде заң бойынша кредитті кез келген жағдайда өтеу қажет, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорына сілтеме жасап. 

Бұл ретте борышкер мына жайттарды ұмытпауы керек: банк лицензиясынан айырылса да, кредит бойынша жоспарлы төлем күндерін кешіктіруге және ұмытуға болмайды. Егер кешіктірсеңіз, өсімпұл есептеледі және айыппұл тағайындалады. Кейін бұл сіздің кредиттік тарихыңызға кері әсер етеді. 

Егер банк лицензиясынан айырылса, қарызгер нені білуі керек:

• ЕДБ таратылғанға дейін жасалған кредиттік шартқа сәйкес, қарыз төлеу шарты сақталады; 
• қарыз толығымен өтелгенше, шарт күшінде болады;
• кредитті таратылатын банктің сайтында көрсетілген деректемелер бойынша төлеу қажет (тарату комиссиясы деректемелердің өзгергені туралы қарызгерге алдын ала және дербес түрде хабарлайды).

Кредиттердің қайтарылуын бақылауды, салымшылармен есеп айырысуды қадағалауды және банктегі басқа да ішкі үдерістерді бұл кезеңде тарату комиссиясы жүргізеді. Оны Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тағайындайды. 

Еске саламыз, Қазақстанда 2006 жылдан бері тоғыз банк лицензиясынан айырылды. Бұл "Қазинвестбанк", "Валют-Транзит Банк", "Delta Bank", "Qazaq Banki", "Қазақстан Эксимбанкі", "Астана Банкі", "Tengri Bank", "AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)" және "Capital Bank Kazakhstan". Барлығы қазір тарату үдерісінде. 

Қосымша ақпарат алу үшін банктердің тарату комиссияларына хабарласуға болады. Олардың мекенжайлары мен телефон нөмірлерін ҚДКБҚ сайтының "Таратылатын банктер" бөлімінен және банктердің сайтынан таба аласыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу