Астана маңындағы жеңіл рельсті көлік желісін Қосшы қаласына дейін жеткізу жоспарланып отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты 24KZ телеарнасына сілтеме жасап.
Өңір әкімінің айтуынша, жуырда Астана әкімі Жеңіс Қасымбекпен бірлескен кеңес өтіп, салынып жатқан нысан қаралған. Жобаны іске асырумен Астана қаласының әкімдігі айналысады. Жаңа бағыт Қосшы қаласының тұрғындары үшін қолайлы болмақ. Қалада жеке LRT станциясы салынып, тұрақ орындары қарастырылады.
"Бұл жоба Қосшы мен Астана арасындағы көлік қатынасын айтарлықтай жеңілдетеді. Жүйе қаланың негізгі жолдарымен байланысады", – деді Марат Ахметжанов.
Сонымен қатар магистральдық жолдарды дамыту жұмыстары да қатар жүргізіледі. Жобаға қатысты нақты мерзімдер мен техникалық мәселелерді Астана қаласының әкімдігі айқындайды.