Лукашенко Ким Чен Ынның шақыртуымен Солтүстік Кореяға барды

408

Беларусь президенті Пхеньянға алғаш рет барды.

Лукашенко Ким Чен Ынның шақыртуымен Солтүстік Кореяға барды Фото: apnews.com

Беларусь президенті Александр Лукашенко сәрсенбі күні Солтүстік Кореяға ресми сапармен барды. Бұл туралы Reuters агенттігі жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.

Сапар барысында Минск пен Пхеньян достық және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылады деп күтіліп отыр. Бұл туралы Беларусьтің сыртқы істер министрі Максим Рыженков мемлекеттік БАҚ-қа мәлімдеді. Бұдан бөлек тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықтың құқықтық негізін кеңейтетін 9 салалық келісім жасасуы мүмкін.

КХДР жоғарғы жетекшісі Ким Чен Ын Лукашенконы қуана қабылдап, Пхеньянда жылы қарсы алғаны белгілі болды. Екі ел басшысы Кымсусан сарайына барып, онда Ким Чен Ир мен Ким Ир Сен жерленген орынға тағзым етті. Лукашенко Ресей президенті Владимир Путиннің атынан гүл шоғын қойды. Сондай-ақ Беларусь басшысы Азат ету монументіне гүл шоғын қойып, Кореяны азат ету жолындағы қасиетті соғыста қаза тапқан кеңес жауынгерлерін бір минут үнсіздікпен еске алды. 

2025 жылдың қыркүйегінде Ким мен Лукашенко Қытай астанасы Бейжіңде өткен әскери парадта кездескен болатын. Сол кезде Солтүстік Корея басшысы Беларусь президентін КХДР-ға ресми сапармен келуге шақырған.

Сарапшылар Лукашенконың сапары символикалық сипатқа ие деген пікірде. Солтүстік Корея мен Беларусь Ресейдің Украинаға қарсы соғысына айтарлықтай қолдау көрсетіп келеді. Пхеньян Ресейге оқ-дәрі мен әскерилер жіберсе, Минск өз аумағын Ресей әскеріне плацдарм ретінде пайдалануға рұқсат берген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу