Мәдениет министрлігі қазақстандық PARAQTA онлайн кітапханасына қолдау көрсетпек

229

Қазақстандық PARAQTA онлайн кітапхана платформасының негізін қалаушылар Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевпен кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мәдениет министрлігі қазақстандық PARAQTA онлайн кітапханасына қолдау көрсетпек Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Кездесу барысында отандық жобаны дамыту, кітап қорын кеңейту және оқырмандар санын арттыру мәселелері талқыланды.

Жоба авторларының мәліметінше, министр олардың PARAQTA платформасы туралы жарияланымдарымен танысып, Керім Аянқызы мен Ердаулет Аянұлын кездесуге шақырған.

Кездесу кезінде министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі бастамалары аясында жүзеге асып жатқан жұмыстар туралы айтты.

Атап айтқанда, министрлік үйлестіріп отырған "Кітап оқитын ұлт" жалпыұлттық марафонының нәтижелері таныстырылды. Бүгінде reading-nation.kz платформасына 1,4 миллионнан астам адам тіркеліп, қатысушылар 842 мыңнан астам кітап оқыған. Сонымен қатар оқырмандар 50 мыңнан астам бейнепікір жариялаған.

Кездесуде Арман Қырықбаев PARAQTA платформасының жұмысымен танысып, оқырмандар белсенділігіне қызығушылық білдірген. Сондай-ақ жастарды кітап оқуға тарту үшін қандай қолдау қажеттігін сұраған.

Жоба авторларының айтуынша, PARAQTA оқырмандарға кітап оқуды жүйелі түрде жалғастырып, бастаған шығармасын соңына дейін аяқтауға көмектеседі. Платформада электронды кітаптармен қатар қағаз нұсқада оқылған шығармалар да есепке алынады.

Бүгінде платформаға 15 186 оқырман тіркелген. Олар жалпы 1,2 миллион бет оқып, 10 738 кітапты соңына дейін аяқтаған. Сонымен қатар жоба аясында 180 кітап клубы жұмыс істейді.

PARAQTA жобасы бір жыл екі ай бұрын іске қосылған. Алты ай бұрын оның веб-сайты ашылса, екі апта бұрын мобильді қосымшасы App Store дүкенінде қолжетімді болған.

Қазір платформаның негізгі қажеттіліктерінің бірі – кітап қорын кеңейту. Бүгінде онда авторлық құқық мерзімі аяқталып, қоғамдық игілікке өткен 150-ге жуық кітап тегін ұсынылады. Оқырмандар қосымша арқылы оқуға болатын шығармалар санын арттыруды сұрап келеді.

Кездесу қорытындысы бойынша Мәдениет және ақпарат министрлігі кітап қорын заңды негізде толықтыруға қолдау көрсетуге уәде берген. Бұдан бөлек, офлайн кездесулер мен бірлескен іс-шараларды өткізуге арналған алаң қарастыру мәселесі де талқыланған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу