Мәдина Әбілқасымова ұлттық рейтингтік агенттік не үшін қажет екенін түсіндірді

346

Шетелдік ұйымдарда рейтинг алу құны қымбат болып келеді. 

Мәдина Әбілқасымова ұлттық рейтингтік агенттік не үшін қажет екенін түсіндірді Фото: gov.kz

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова жаңа рейтингікті агенттік не үшін қажет деген сұраққа пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Мен  өз баяндамамда атап өткендей, ең біріншіден, кредиттік рейтингтерді кредиттік тәуекелді бағалау және инвестициялық шешімдер қабылдау кезінде инвесторлар, банктер және реттеушілер кеңінен қолданады. Біз осы жаңа рейтингтік агенттікті қаржы нарығы инфрақұрылымының негізгі элементі болады деп есептейміз. Ол қор нарығына шығарылатын эмитенттер үшін қажет. Қазіргі уақытта осы кредиттік рейтингті шетелдік кредиттік рейтингтен алған кезде оның құны өте жоғары. Сол себепті орта және шағын бизнеске бұл қор нарығына шығу үшін кедергі болып отыр. Өзіміздің ұлттық рейтингтік агенттікті құрған жағдайда осының құнын азайтамыз деп сенеміз", – деді агенттік төрағасы Мәжіліс кулуарында. 

Мәдина Әбілқасымованың сөзінше, кредиттік агенттіктің пайда болуы қор нарығын дамытуға, шағын және орта бизнесті қаржыландыруға жаңа мүмкіндіктер береді.

"Ұлттық банк неге акционер ретінде құрылтайшы болатынына келсек, себебі біздің негізгі мақсатымыз сенімді институт болу керек. Енді біз оның тек қана құқықтық базасын қалыптастырып күтіп отырсақ, оған көп жыл кетіп қалуы мүмкін. Сол себепті Ұлттық банкпен осындай шешім қабылдадық. Бұл қаржы секторының инфрақұрылымдық ұйымы болады. Ұлттық банк оның акционері болады және бірнеше жылдан кейін акционерлерден шығу мүмкіндігін де қарастырамыз", – деп атап өтті спикер.

Агенттік басшысының айтуынша, ұлттық рейтингтік агенттіктегі рейтинг алу құны шетелдік ұйымдармен салыстырғанда айтарлықтай қолжетімді болмақ.

"Мысалы, шетелдік рейтингтік агенттіктердің қызметі 50 мың доллардан жоғары болса, ұлттық агенттікте 5 млн теңгенің маңайында тұрады деген жоспар бар. Бұл рейтингтің түріне де байланысты болмақ. Кредиттік рейтингтер қымбат болып келсе, басқа рейтинг түрлері айтарлықтай төмен", – деді Мәдина Әбілқасымова.

Спикер рейтинг қызметі үшін эмитент, яғни рейтинг алатын компания төлейтінін айтты.

Айта кету керек, бұған дейін еліміздің рейтингтік агенттігі құрылатынын жазғанбыз. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу