МАЭК-те тағы апат: 300 мВт электр қуаты тапшы

428

Маңғыстау облысының тұрғындары енді 3-5 сағаттап жарықсыз отыруға мәжбүр. 

МАЭК-те тағы апат: 300 мВт электр қуаты тапшы Фото: Ашық дереккөзден

Ал өзіндік қуаттағыш қондырғылары жоқ мұнай мекемелері тіптен жұмысын тоқтатты. Оған МАЭК-тегі кезекті апат себеп. 

Қос энерго-блоктың істен шығуына байланысты аймақта электр қуатына шұғыл шектеулер енгізілді. Жергілікті әкімдік өкілдері халықты уақытша кедергілерге сабырмен қарауға шақырады. Кәсіпорындағы апат қашан жойылады? Алда оның қайталанбасына кепілдік бар ма?

Маңғыстаудың жүрегі саналатын МАЭКтегі апат өткен жұмада болды. Кенеттен екі энерго-блог жұмысы тоқтады. Салдарынан аймаққа 300 МВт электр қуаты жетпей тұр. Тоқтың тапшылығы көрші Атырау өңіріне де әсер етіп отыр. Бүгінгі таңда аймақтағы мұнай мекемелерінің бірқатары мәжбүрлі жұмысын тоқтатты.

"Жылу электр станцияның  №1 және №3 энергоблоктың істен шығуына байланысты Маңғыстау облысына 300 Мвт электр қуатына шектеулер енгізілді. Сол себепті бүгінгі күні толықтай мұнай компанияларына тоқ беруден шектеу бар", - деді Маңғыстау облысы әкімінің І-орынбасары Жұмабай Қарағаев.

Тұрғындар 3-5 сағаттап жарықсыз отыруға мәжбүр

Қоғамдық штаб өкілдері жарықты сөндіру мұнай мекемелерімен шектелмейтінін айтады. Ертеңнен бастап арнайы кесте жасақталады. Мамандардың айтуынша "тиімді" әдісті қолдану арқылы шалғай ауылдардарда, іргелес аудандар мен облыс орталығында 3-5 сағат аралығында жарық болмайды. Бұл шектеулер бизнес субъектілеріне де қатысты. Алайда, әлеуметтік нысандарға шектеу болмайды. Сондай-ақ, ауызсу жеткізуге де кедергі жоқ.

"Мен өз сөзімде айтып кеттім. 3 сағаттан 5 сағатқа дейін деп отырмыз шектеу. Біздің жоспарымыз бойынша МАЭК аптаның соңында өзінің 3-блогын қосуды жоспарлап отыр. Егер толық режимге шықсақ, онда шектеулер алынады", - деді Маңғыстау облысы әкімінің І-орынбасары Жұмабай Қарағаев.

Қоғамдық штаб өкілдері әзірге "төтенше жағдай" режимінің тиімсіз екенін айтады. Ал уақытша қолайсыздық аптаның соңына дейін жалғасады. Мәселен, бүгін "ҚазАзот" мекемесіне берілетін электр қуаты қала тұрғындарына бағытталатыны айтылды. Кәсіпорын басшылығы жұмысты кезең-кезеңімен тоқтатып, шамамен 30 МВт облыс орталығына ібереді.

Айта кетейік, шілде айында Премьер-министр бастаған Республикалық комиссия өкілдері МАЭКке арнайы барды. Нәтижесінде Республикалық бюджеттен 4,9 млрд теңге кәсіпорынды модернизациялауға бөлінді. Қазір ескірген қондырғыларды жаңарту бойынша жұмыс қарқынды жүріп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу