Майдангерлерге құрмет көрсетілді

1125

Майдангерлерге құрмет көрсетілді

ОҚО-да Жеңістің 73 жылдығына орай майдангерлерге құрмет көрсетілді. Шымкент қаласындағы "Оңтүстік" қабылдау үйінде ардагерлерге арнап мерекелік дастархан жайылып, концерттік бағдарлама ұсынылды, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.

Мерекелік жиынға қатысқан Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев пен қала әкімі Нұрлан Сауранбаев Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен және тыл еңбеккерлеріне сый құрмет жасап, бейбіт өмір сыйлаған аға ұрпаққа алғыстарын жеткізді.

"Халқымызда "Ер – елінің қорғаны" деген аталы сөз бар. Біз осындай жандардың ерліктеріне сай сый-құрмет көрсете отырып, олардан өнеге алып өсетін жас ұрпақ Отанына адал қызмет етеді деп сенеміз. Сіздердің және ерлігімен есімдері тарихымызда жазылған батыр бабалардың алдында өлшеусіз қарыздармыз. Елбасымыз майданнан оралмаған жауынгерлеріміздің есімдерін мәңгі ел есінде сақтауда және арамызда жүрген ардагерлеріміз бен тыл еңбеккерлерін ардақтауда әрқашан мемлекеттің қамқорлығы болатынын айтып, жарқын бастамаларға жол ашып келеді. Сондықтан да ақтаңдақ жылдардағы ел азаматтарының жаужүректілігі мен тыл еңбеккерлерінің ерен еңбектеріне біз әрдайым құрметпен бас иеміз",-деді облыс әкімі.

Жалпы Ұлы Отан соғысына Оңтүстік Қазақстан өңірінен 140 мыңнан астам адам аттанып, олардың жартысына жуығы туған жерге оралмаған. ІІ дүниежүзілік соғыста жанқиярлық ерлігі үшін оңтүстікқазақстандық 51 азамат Кеңес Одағының батыры атағы, 8 майдангер "Даңқ" орденінің иегері атанды. Жаужүрек қайсарлығы үшін мыңдаған ардагерлеріміз түрлі орден, медальдармен марапатталды. Бүгінгі таңда өңірімізде 174 Ұлы Отан соғысының ардагері, 4885 майданға қатысушылар мен мүгедекке теңестірілгендер және 15733 тыл еңбеккерлері бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу