"Мәйітті пакетке ораған": Шымкентте жас әйелді өлтірген 11-сынып оқушысына қатысты сот басталды

181

Күдікті жазғы демалыста қалаға жұмыс істеуге келген. 

"Мәйітті пакетке ораған": Шымкентте жас әйелді өлтірген 11-сынып оқушысына қатысты сот басталды  Фото: orda.kz

Шымкентте 11-сынып оқушысы үй тазалауға барған 26 жастағы әйелді өлтіріп, денесін қоқыс жәшігінің жанына тастап кетті деген күдікке ілінді. Атышулы іс бойынша сот басталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап.

Мемлекеттік айыптаушының сөзінше, 26 жастағы келіншекті мектеп оқушысы пышақтап, кейін мәйітін қорлаған. 

"Кәмелетке толмаған сотталушы өзінің қылмыстық әрекетін әрі қарай жалғастырып, марқұмның шалбарының оң қалтасынан ұялы телефонын жымқырып, жасаған қылмыстық іс-әрекетін жасыру мақсатында мәйітін қара түсті политэтилен пакетке ораған. Кейін тұрғын үй ауласында тұрған құрылыс арбасына салып, қоқыс жәшігінің жанына апарып тастаған", – деді прокурор Нұржігіт Ерментай.

Күдікке ілінген мектеп оқушысы жазғы демалыста қалаға жұмыс істеуге келген. Ол баспанада жалғыз қалып, әлеуметтік желіден үй тазалаушыны іздеп табады. Келіншек үй тазалап біткен соң 15 мың теңгені сұрағанда айыпталушы оған пышақ сұққан. Марқұмның артында екі баласы қалды.  

"Бала Қасқасу баласы дегеннен кейін Қасқасудың бәрін іздедік. Таппадық. Сонда Қаратау РУВД де іздедік деп іздемеген. Мен 28-і күні арыз жаздым, 29-ы күні Астанаға жаздым, содан кейін телефоны табылады. 31-і күні қызым табылады. Сонда милициялар қайда жүрді іздемей? Бәлкім, іздеп тапқанда, бұндай болмайтын еді ғой. Бұлай қорланып өлмейтін еді ғой", – деді марқұмның анасы Қарлығаш Оңғарбаева.

Айыпталушы кінәсін ішінара мойындаған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу