Майқайыңдағы шахтаға құлап кеткен құтқарушылардың заттары табылды

Ал құтқарушылардың өздерін іздестіру жұмыстары әлі жалғасуда.

Майқайыңдағы шахтаға құлап кеткен құтқарушылардың заттары табылды Фото: Валерий Бугаев

Павлодар облысындағы “Майқайыңалтын” кәсіпорны аумағында оқыс оқиғаның орын алғанына 10 күннен асып кетті. Алайда құтқарушылар мен олар отырған автобус әлі күнге дейін табылған жоқ, деп хабарлайды Inbusiness.kz тілшісі. 

Еске сала кетсек, 3 қаңтардан 4 қаңтарға қараған түні “Майқайыңалтын” кеніші аумағында жарылыс болуы мүмкін екені туралы хабар түсіп, оқиға орнына шыққан кәсіби құтқарушылар отырған автобус топырақ опырылып шұңқырға құлаған еді. Екі құтқарушы - Сарқыт Берліқан мен Олег Тышкевичтің денесі көп ұзамай табылып, жер бетіне шығарылды. Тағы бір құтқарушы Айдос Шаймерден мен автобус жүргізушісі Айып Тілеубергенов ізім-ғайым жоқ.

Оларды және автобусты табу бойынша жұмыстар екі аптаға жуық уақыт бойы үздіксіз жүргізіліп келеді.

Автобустың болжамды орналасқан жеріне арнайы техниканың кіруі үшін өткелді тереңдету жұмыстары жалғасуда. Осы уақытқа дейін барлығы 200 мың тоннадан астам топырақ пен тау жыныстары шығарылды.

“Бүгін сағат 14.45-те "Майқайыңалтын" АҚ аумағындағы опырылған шұңқырдың түбіне шағын көлемді экскаватор түсірілді. Жұмыстар асқан сақтықпен және шұңқырдың бүйір қабырғаларының құлау қаупінің сақталуына байланысты барлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып жүргізілуде.

Жұмыстарды жүргізу кезінде жұмыс құжаттатары және жол-сапар журналы бар құтқарушылардың сөмкесі, сондай-ақ, мемлекеттік тіркеу нөмірі бар автобустың шанақ бөлшегі табылды. Іздестіру жалғасуда”,-деп хабарлады Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Автобустың болжамды орналасқан жеріне дейінгі топырақты қазып алу міндеті қойылған шағын экскаватордың жұмысы аяқталғаннан кейін мамандар оны жоғарыға көтеруді бастайды. Оны бүгін және ертең аяқтау көзделіп отыр. 

Іздестіру жұмыстарына барлығы 141 адам, 50 техника, 1 кинологиялық есеп және 2 дрон жұмылдырылған.

Айта кетейік, бұған дейін Төтенше жағдай министрі Сырым Шәріпханов бұрын-соңды біздің елде мұндай оқыс оқиға болмағанын айтқан еді. Сондықтан әлемдік тәжірибе зерделеніп жатқанын атап өткен болатын. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу