Маймыл шешегі: Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеме жасады

92

Елге маймыл шешегінің әкеліну қаупі жоққа шығарылмайды.

Маймыл шешегі: Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеме жасады Фото: azertag.az

Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі шекарадағы өткізу бекеттерінде санитариялық-карантиндік бақылауды күшейтті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Инфекцияның елге әкелінуі мен таралуының алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2024 жылғы 26 тамыздағы № 8 қаулысына сәйкес санитариялық-профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар кешені жүргізіліп жатыр.

Атап айтқанда:

  • мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттеріндегі санитариялық-карантиндік бақылау күшейтілді;
  • ауру жағдайлары тіркелген елдердегі эпидемиологиялық жағдайға және осы мемлекеттерден келген азаматтарға мониторинг жүргізілуде;
  • барлық өткізу пункттері мен санитариялық-карантиндік пункттер дене температурасын жанаспай өлшейтін құралдармен жабдықталған;
  • медициналық ұйымдар мен зертханалардың инфекцияны уақтылы анықтауға және диагностикалауға дайындығы қамтамасыз етілуде;
  • аса қауіпті инфекцияға күдік туындаған жағдайда хабарлау және ведомствоаралық өзара іс-қимыл жасау алгоритмдері бекітіліп, қолданысқа енгізілген.

Эпидемиологиялық жағдайға қатысты ерекше назар аударуды қажет ететін елдердің тізбесі әлемдегі ахуалдың өзгеруіне қарай тұрақты түрде жаңартылып отырады. Көліктің барлық түрінде жүргізілген санитариялық-карантиндік бақылау нәтижелері бойынша аса қауіпті инфекциялармен ауырған немесе оларға күдік тудыратын адамдар анықталған жоқ.

Маймыл шешегі – MPXV вирусы қоздыратын вирустық ауру. Инфекция негізінен жұқтырған адаммен тығыз физикалық байланыс кезінде, соның ішінде терідегі бөртпелермен және биологиялық сұйықтықтармен жанасу арқылы беріледі. 

Аурудың негізгі белгілеріне дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, бұлшықеттердің ауыруы, лимфа түйіндерінің ұлғаюы және тері бөртпелері жатады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу