Мақсатсыз жұмсалған грант қаржысы сот арқылы өндірілмек

1626

Былтыр Қызылорда қаласы бойынша "Бастау бизнес" жобасы аясында мемлекеттен 1360 адам қайтарымсыз грант алған болатын. 

Мақсатсыз жұмсалған грант қаржысы сот арқылы өндірілмек

Алайда мониторингтік зерделеу барысында 37 азаматтың қаражатты мақсатсыз пайдаланылғаны белгілі болған, деп жазады inbusiness.kz. Яғни кәсіп ашуға ниеттенгендер ақшаны өз пайдасына жаратқан. Осы грантты берген қалалық жұмыспен қамту орталығының басшылығы қаражатты енді сот арқылы өндіріп алмақшы екенін қалалық мәслихат депутаттарына жайып берді.

"Бүгінгі күнге дейін 37 азаматтың 33-не сот тарапынан қанағаттандыру туралы сот шешімі шықты. 3 талап арыз қаралу үстінде, 1 талап арыз қанағаттандырудан бас тартылды", – деді қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Жақсылық Төлегенов.

Бүгінде қала бойынша 22518 кәсіпкерлік нысан жұмыс істеп тұр. Бизнес өкілдері бірнеше мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көруде. "Алайда әлі де жетілдіретін тұстары көп", – дейді облыстық кәсіпкерлік палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов.

"Кішкентай аумақта артығымен бірнеше дүкен, сұлулық салоны салынып жатады. Кейде тұрғындарға қажетті нысандар ескерілмей қалады. Соның салдарынан ашылған бизнестер табыссыз болып жабылуда. Қала, кент, ауыл әкімдіктері депутаттармен бірлесіп зерттеу жұмыстарын жүргізіп, сұранысты анықтап, қажетті қызмет нысандарын тұрғызу үшін жер учаскесін аукцион арқылы кәсіпкерлерге ұсыну қажет деп есептейміз. Сұранысты қосымша әкімдік реттеуі тиіс. Бұның артықшылығы қажетті және табысты бизнес көздері ашылады да тұрғындардың әлеуметтік мәселелері шешіледі. Аукционға салғаннан кейін бюджетке де қаражат түседі. Сонымен бірге осы жобаларды "Қызылорда" өңірлік инвестициялық орталығы сияқты қаржы ұйымдарына қаржыландыруға басымдық берілуі керек", – деп ұсыныс жасады Ғ.Жақсылықов.

Жиында көтерілген мәселелерді депутаттар мәслихаттың кезекті сессиясында қарайтындарын жеткізді.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу