Мал ұрлығына байланысты базар мен ет сататын орындар тексеріліп жатыр

1805

Мал ұрлығына байланысты базар мен ет сататын орындар тексеріліп жатыр

Алматы облысында мал мен мал етін еш құжатсыз тасыған 40-тан астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға 1 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды, деп хабарлайды 24.kz.

Еліміздің ішкі істер министрлігі мен ауыл шаруашылығы министрлігі және жергілікті атқарушы органдар бірлесіп жүргізген "Мал ұрлаушы" жедел-алдын алу шарасы барысында барлығы 712 көлік тоқтатылған. Мал базарлары мен ет сататын сауда нүктелері де жіті тексеріліп жатыр. Өйткені осы шара өткен үш күннің ішінде облыс аумағында 8 мал ұрлығы болып, тәртіп сақшылары оның алтауының ізін суытпай ашты. Ұрланған 49 бас малдың 46-сы қожайындарына қайтарылды.

"Сонымен қоса айтарлықтай материалдық шығын келтірудің бірнеше фактісі анықталды. Атап айтатын болсақ, Қызылағаш ауылынан 9 бас сиыр ұрлауға күдікті ретінде Ақсу ауданы тұрғыны ұсталды. Қолды болған сиырларды тауып, иесіне қайтару мүмкіндігі туды. Талғар ауданында биыл жазда болған 37 қой ұрлау фактісі ашылды. Күдікті қамауға алынды. Осындай жағдайлар Сарқан және Еңбекшіқазақ аудандарында да бар", - дейді облыстық ІІД баспасөз қызметінің өкілі Серік Үпиев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу